МТРА жаңалықтары

Өңірде жібекқұртына қарсы күрес жүргізілуде

Биыл дәрілеу жұмыстары өңіріміздің Ресеймен шекаралас 4 ауданында жүрмек. Өйткені, бұл аумақтарда жібекқұрттары тым көп. Жалпы, мамандар 247 гектар жерді зарарсыздандырады.

Қайрола Байтеңізов, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Зиянкестер мамыр айының соңы мен маусымның басында шығады. Олар қырық күн қайың жапырағымен қоректеніп, кейін көбелекке айналып жұмыртқалайды. Биыл әсіресе, Ресеймен шекаралас аудандарда жұмыс жүргізілмек. Өйткені, көрші елде жәндіктермен күрес аса жүргізілмей отыр. Енді, шамамен 15 күннің ішінде дәрілеуді аяқтаймыз.

Жібекқұрттары кешке ғана шығады екен. Сол себепті, мамандар оларды қас қарая ғана дәрілей бастайды.

–  Міне, мынау кішкентай ғана ағарған жібекқұрттарының ұясы. Осында жәндіктер қыстап шығады. Кейін, күн жылынғанда ағаштың үстіне өрмелей бастайды. Осылайша зиянкестер жапырақтарды жеуді бастайды.

Фитосанитарлар зиянкестерге қарсы “Геркулес” атты биологиялық препарат шашуда. Бұл дәрі өте күшті. Жібекқұрттарын 95% пайыз өлтіреді екен.

Ерлік Есімсейітов – “Респбуликалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемілік орталығы” РММ СҚОФ бөлім меңгерушісі:


–  Биыл ел қазынасынан дәрі сатып алу үшін 380 мың теңге бөлінді. Бұл қаржыға 26 литр “Геркулес” препараты сатып алынды. Әр литр суға 100 граммы қосылады. Шашылған аумақта әсері 20 күн бойы сақталады.

Айта кетейік, былтыр өңірде 3 мың гектар аумаққа жібек құртына қарсы дәрі себілген.

Байболат Бектемірұлы