Мәдениет

Облыс орталығында Ғ.Мүсірепов ауданының мәдениет күндері өтті

Берік Сапанов – Ғ.Мүсірепов ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Облыстық мұрағатта аудандық мұрағат өздерінің жұмыстарымен таныстырып өтті. Енді, міне, гала-концертте ауылдан шыққан нағыз өнерпаздар қала тұрғындары үшін үлкен сахнаға шығып, өнерлерін көрсетпек.

Қолданбалы өнер көрмесінде картиналардан бастап моншақтан жасалған қуыршақтарға дейін бар. Бәтима Жантасова шараға өзінің ондаған жұмысын алып келіпті. Олардың арасында бүлдіршіндерге арналған ойыншықтардың түр-түрі қамтылған. Бұндай кішігірім сыйлықтарды жасау үшін қолөнерші шамамен 2 сағаттай уақытын жұмсайды.

Бәтима Жантасова – қолөнерші, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Менің қолөнермен айналысып жүргеніме 10 жылдай болды. Әдетте, бұйымдарды моншақ пен қапшықтан жасаймын. Өзіме бұл іс өте қатты ұнайды. Жаныма жақын болғандықтан, бір бұйымды аз ғана уақыт ішінде дайындаймын.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Назарға ұсынылған жұмыстардың барлығы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне арналған. Мәселен, мына жобаны №2 Новоишимка орта мектебінің оқушылары жасапты. Бұл киіз үйдің жаңартылған түрі. Шаңырағында мынадай қондырға орнатылған. Ол желді дәстүрлі емес энергияға айналдырып, баспананы жарықпен қамтамасыз етеді.

Ал мына ерекше көрме-экспозицияға жұртшылықтың назары аумай қоймады. Орыс халқының ұлттық киімдері мен байлық және молшылықтың символына айналған құймақтың түр-түріне толы дастархан. Бұндай идеяны “Ұлытау” этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Николай Вербовский ұсынған.

Николай Вербовский – “Ұлытау” этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі, Ғ. Мүсірепов ауданы:

– Біздің бірлестігімізде ауқымды үш коллекциямыз бар. Оның біріншісі украин ұлтымен байланысты болса, екіншісі Солтүстік Қазақстанның дархан даласы мен халқының кеңдігін көрсететін көрме болды. Биылғы жылы орыс халқының ерекшелігін бейнелеуді шештік. Шарада құймақтың он шақты түрін назарға ұсынудамыз. Саңырауқұлақ, ет, балық, тосап сияқты тәтті-дәмдінің түр-түрі қосылаған құймақтар да бар. Қала тұрғындарының көңілінен шығады деген ойдамын.

Шараның соңы үздік аудандық өнер ұжымдары әзірлеген концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна шымылдығы “Қыз Жібек” спектаклімен ашылды. Аудандық мәдениет үйі бұл қойылымды бір ай бойы дайындаған екен.

Жалпы талант иегерлері шаһарлықтарға 20-дан астам музыкалық нөмір ұсынып, өз өнерлерін паш етті.

– EXPO-2017 халықаралық көрмесіне арналған концерттері өте жақсы және жоғары қарқында өтті.

 

– Ғ.Мүсірепов ауданының концерті өте жақсы өтті. Біз “жоғары” деген баға береміз.

Эльмира Сәдуақасова