Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 7 шақырым жол орташа жөнделіп, 45 балалар алаңқайы тұрғызылады

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Саяжайға баратындар осы жолмен қатынайды. Жақында суға шомылу маусымы басталды. Дей тұрғанмен, асығыстық жасап жұмысты шала орындамаңыздар. Жаяу жүргіншілер жолын да жақсылап қалыпқа келтіріңіздер. Артынан тұрғындар шағымданып жүрмесін.

Караван көшесі дүйсенбі күні ашылады. Келесі аптада “Ашық аспан” компаниясы тротуарларды жөндеуге кіріспекші. Бұдан бөлек көлік қозғалысы көп көшелер мен қиылыстарға бағдаршамдар орнатылмақ. Жұмысшы кентіндегі кейбір көшелерге қиыршық тас төселуде. К.Цеткин көшесінің тұрғындары қала әкіміне өтініштерін жерге тастамағаны үшін алғыстарын айтты.

Татьяна Шаврина – К.Цеткин көшесінің тұрғыны:


– Осы мәселемен 8 жыл жүрдік. Биыл қиыршық тас төселіп, жолдың жағдайы оңалды. Енді бұрынғыдай етікпен саз балшық кешіп жүрмейміз. Мектепке баратын баларымыздың да киімдері былғанбайтын болды.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Биыл қаладағы 50 көшеге ұсақтау келген қиыршық тастар төселеді. Тастар ірі емес, адам аяғына батпайды.

Биыл қалалық сапаржайдан қалаға апаратын Медведев көшесінің 900 метрі қалыпқа келтірілген. Осы жұмысты атқарған “Авеион-Север” серіктестігінің жұмысшылары қазір Батыр Баян-Медведев, Сәтпаев-Медведев көшелерінің қиылыстарындағы ескі бағдаршамдарды алып тастауда. Оның орнына секундомері бар заманауи бағдаршамдар мен көше бойына аялдамалар орнатылмақшы. Осының бәріне шамамен қала қазынасынан 37 млн теңге бөлінген.

Шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовтың айтуынша, жазда 100 аулаішілік жолдар жөнделіп, тұрғындардың сұрауы бойынша 45 аулаға балалар алаңқайы орнатылады. Бұл жұмыстар бастау алды.
Парк көшесіндегі көппәтерлі үйдің ауласына балалар алаңқайын “Стронг Сервис” компаниясы орнатыпты. Тұрғындар енді футбол алаңы керек дейді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Қала тұрғындары да ауланы абаттандыру шаруасына атсалысуы керек. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, сіздер үйдің қасбетін әдемілеп, ауладағы жұмыстарды өз күштеріңізбен атқарсаңыздар жақсы болар еді.

Үстіміздегі жылы қалаішілік жолдарға 1,5 млрд теңге бөлініпті. Бұдан өзге балалар алаңқайын орнатуға облыс қазынасынан 67,5 млн теңге қарастырылған.

Берік Қасен