Құқық қорғау органдары

Облыс орталығында полиция қызметкерлерінің велошеруі өтті

Шеруге 70-тен астам тәртіп сақшылары қатысуда. Алдыңғы шепте – саналы өмірінің 20-дан астам жылын, полиция қызметіне арнаған полковниктер. Ал, олардың артынан ізбасарлары еріп келеді. Бүгінгі тізбекті бастау мәртебесі Еркетай Тұтқышевқа бұйырды. Ол қысы-жазы спорттың түр-түрімен айналысады. Жаз мезгілінде демалыс күндері 12 жасар ұлы Шыңғысханды ертіп велосипедпен қала сыртына барып тұруды ұнатады екен.

Еркетай Тұтқышев – СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы:


– Спортпен шұғылдану – тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінің бір бөлшегі деп санаймын. Себебі, жұмыс барысында кездескен қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі. Ұжымда, әсіресе, жас қызметкерлерге салауатты өмір салтын ұстану қажеттілігін әрдайым айтып жүремін.

Аталмыш шеру ҚР мемлекеттік рәміздері мен Қазақстан полициясының 25 жылдық мерейтойына арналған. Полковник Сәуле Андағұлова үшін бұл – ерекше дата. Биыл нәзікжандының осы салада қызмет атқарып жүргеніне де ширек ғасыр болыпты.

Сәуле Андағұлова – СҚО ІІД штаб басқарма бастығы:

– Бұл іс-шаралар мен үшін ерекше маңызды. Себебі, менің ішкі істер органдарына келгеніме 25 жыл толды. 25 жыл бұрын әкемнің жолын қуып келгенмін.

Атап өту қажет, бұндай ауқымды велошеру биыл бірінші рет ұйымдастырылуда.

 

Айгерим Ержанова