МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік рәміздерге – 25 жыл

Бейбіт Әбілев – Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– ҚР Мемлекеттік рәміздер туралы Конститциялық заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы заңға сәйкес жыл сайын осы датада ҚР Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді.

Ту көк түсті. Оның ұзындығы – 2, ал ені – 1 метр. Шәкен Ниязбеков өзінің туындысында қыранды, күннің көзін және ою-өрнекті салды. Елтаңбада шаңырақ, кереге, қос жағында арғымақтар мен алтын дән бейнелеген. Төменде “Қазақстан” деген жазу бар. Соңғы ширек ғасырдың ішінде бұл рәміздердің стандарттары бірнеше мәрте өзгертілді. Мәселен, әнұранымыздың 2006 жылы жаңа нұсқасы қабылданған болатын.
Жалпы, нышандарды жасау және оларды орнату қатаң бақыланады. Өңірімізде жуырда болған республикалық комиссия 95 ұйымды тексеріп, бірқатарынан заңбұзушылықтарды анықтапты.

Вадим Маршаков – Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бас маманы:


–  Ережеге сай тудағы бейнелер анық көрінуі тиіс. Және далада ілінген байрақ сапалы түрде мықты матадан тігілуі шарт. Республикалық комиссия 29 ұйымдағы құқық бұзушылықты анықтады. Көбінде Елтаңба дұрыс емес. Бірінде бояу қисық жағылса, енді бірінде түсі талапқа сай келмейді. Заңды сақтамаған бұл мекемелерге 50 мен 400 АЕК аралығында айыппұл салынды.

Айта кетейік, бұрындары Мемлекеттік рәміздерді жеке кәсіпкерлер өз ғимараттары мен тұрғындар баспаналарына іле алмайтын. Жаңа заңға сәйкес енді бұл мүмкін болып отыр. Тек, қажетті талаптарды сақтау міндетті.

Алмас Файзулин – СҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы:

– Кәсіпкер өзінің ғимаратына ту іле алады. Жыртылып қалған жағдайда оны бірден ауыстыру керек. Тағы, қараңғы уақытта Мемлекеттік рәміздерге міндетті түрде жарық түсуі шарт. Тұрғындар да нышандарды өз үйлеріне іле алады.

Биыл өңірде Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығы кең көлемде аталып өтпек. Осы сенбіде “Спорт сарайында” Патриоттар форумы ұйымдастырылмақ. Мұндай шара аудандарда да жалғасатын болады.

Байболат Құлтанов