Қоғам

Су тасқыны кезінде тұрғындарға көмек көрсеткен жерлестеріміз марапатталды

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Төтенше жағдай жарияланғанда барлық қызметтер бірлесе және жедел әрекет етті. Осының арқасында адам шығыны болған жоқ. Жұмылып тәулік бойы тер төктіңіздер. Осы үшін зор алғысымды білдіремін.

Тасқын кезінде Владислав Ржавцевтің де атқарған жұмысы ауқымды. Заречный кентінің тұрғыны облыстық төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бірдей еңбектенген. Ол су басқан аумақтан адамдарды өз қайығымен күніне екі мәрте тасымалдап отырыпты. Азамат осы үшін бүгін Алғыс хатқа ие болды.

Владислав Ржавцев – Заречный кентінің тұрғыны:

– Табиғи апат кезінде тұрғындардың жағдайы қиын болды. Менің үйім де судың астында қалды. Соған қарамай жерлестерге қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым. Жұмысымнан сұранып, таңғы 6-дан бастап адамдарды тасмалдадым. Менің қайығым 12 орынға шақталған. Дегенмен, мен бір мезетте 14 тұрғынды діттеген жерге жеткізіп отырдым.

Қауыр маусымда дәрігерлер де күшейтілген түрде жұмыс істеді. Кейбір сәттерде 24 жастағы фельдшер Жұлдызбек Серіков түні бойы көз ілмегенін айтады.

Жұлдызбек Серіков – облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының фельдшері:

– Тәулік бойы кезекшілік атқардық. Ата-апаларға көмек көрсеттік.

Ал, Антонина Сачкова жетекшілік ететін №14 орта мектепте үйлерін су басқан жерлестеріміз уақытша тұрған. Аталған білім ошағын 1 ай бойы 10 адам паналапты. Олардың қауіпсіздігі басты назарда болған екен. Тамақ та уақытында беріліп отырған.

Антонина Сачкова – №14 орта мектептің директоры:

– Мектепте адамдарға барлық жағдай жасалды. Олар спорт залда тұрды. Жылы төсеніштер мен көрпе-жастық тараттық. 3 мезгіл тамақ берілді. Осындай қиын шақта жерлестерімізге көмектесу – әрқайсысымыздың міндетіміз.

Жалпы, жиында 16 жерлесіміз қала әкімінің қолынан Алғыс хатқа ие болды. Айта кетейік, облыс орталығында тасқынның зардабы әлі есептелуде. Әзірге, 146 отбасы өтемақы алды. Оларға 52 млн теңгеден аса ақша төленген.

Култанов Байболат