МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандық ұл-қыздар халықаралық балалар күнін атап өтті

Мұндай шеберлік сағатын ашық алаңда жергілікті Назарбаев Зияткерлік мектебінің студенттері ұйымдастырған. Олар өздерінің іні-қарындастарына балшықтан сан түрлі заттар жасауды үйретуде. Мәселен, шағын бір құмыра жасау шамамен 2-3 минут уақытты алады екен. Бұл, әрине, адамның қол икемділігіне байланысты.
Ал мына жерде робототехникаға үйір жастар жиылған. Дені – ұлдар. Құлтемірлерді құрастыруды меңгеруге ағайынды Дархан мен Дәулет те асық. Болашақта екеуі де еліне адал қызмет ететін азамат болсақ дейді. Бірі – өрт сөндіруші, екіншісі тәртіп сақшысы мамандығын қалап отыр. Бірақ, әзірге олар балалық дәуреннің қызығын кешуде.

Дархан Мырзағалиев – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Барлығын халықаралық балалар күнімен құттықтаймын. Мереке тамаша өтуде. Маған робототехника ұнады.

Дәулет Мырзағалиев – Бескөл ауылының тұрғыны:

– Ойындар жақсы өтті. Әсіресе, батут пен ату ұнады.

Саябаққа келген әр кішкентай мұннан көтеріңкі көңіл күймен қайтатыны сөзсіз. Өйткені, ұйымдастырушылар барлық бүлдіршіндердің жағдайын жасап, түрлі ойындар мен байқаулар ойластырған. Мәселен, мына жақты Кариб теңізінің қарақшылары жаулап алды ма дерсің. Барлығы да тура фильмдегідей. Бірақ, қарақшы образын №2 орта мектептің ұстаздар қауымы сомдауда.
Балалар мерекесіне аталған білім ошағының ұжымы алғаш рет ат салысуда. Сондықтан, олар бүгінгі шараға тыңғылықты дайындалған екен. Кішкентайларға ерекше сезім сыйлау үшін 15 бірдей ұстаз қарақшы кейпіне еніпті.

Нұрсұлтан Хасен – №2 орта мектептің информатика пәні мұғалімі:

– Балаларға жақсы көңіл күй сыйлау үшін ұжымымызбен арнайы киім киіп келдік. Түрлі ойындар дайындадық.

Кішкентайларын ертіп келген ата-аналар да бүгін ұл-қыздарымен бірге балалық шаққа саяхат жасады. Тәтті-дәмдіден ауыз тиіп, сыйлықтар алды. Жалпы бұл күні барлық кішкентай жерлестерімізге балмұздақ тегін берілді. Ал «Цесна банк» ұжымы балаларға түрлі түсті 200-ден астам шар таратты.

– Мен «Батыр» балабақшасына барамын. Ондағы достарымның барлығын мерекемен құттықтаймын. Денсаулық пен бақыт тілеймін.

– Балаларымыздың болашағы жарқын болсын, ауырмасын.

– Бүгінке мейрам тамаша өтуде. Көп ойындар ойнап, түрлі сайыстарға қатыстым. Көңіл күйім де тамаша.

Халықаралық балалар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай бүлдіршіндердің құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін мереке. Ал бастысы қоғамды кемтар, жетім, тұрмысы нашар отбасынан шыққан ұл-қыздарды қорғап, қолдауға шақыратын күн. Айта кеткен жөн, айтулы мереке әлемде өткен ғасырдың 49-шы жылынан тойланып келеді.

 

Айгерим Ержанова