Балалар

Петропавлда балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруіне 1 600 адам қатысты

Шараға кілең оқу озаттары, халықаралық, республикалық пән олимпиадаларында, спартакиадаларда топ жарып жүргендер қатысуда. Қолдарына домбыра, флейта сынды аспаптарды ұстаған жастар шетінен өнерлі.
Айдана Халелова 5 жылдың ішінде “Қуанамын” би ансамбліндегі қыздармен бірге түрлі халықтың биін үйреніпті.

Айдана Халелова:

– Мен қазақ, өзбек, қытай билерін үйрендім. Бүгін барлық балаларды меркелерімен құттықтаймын. Олардың балалық шағын ешкім ұрламасын!.

Әркім өз ұлтының ерекшелігін айқындайтын сәнді киімдерін де киіп шығыпты. Бұл шараға солтүстікқазақстандықтар жарты жыл бойы дайындалған. Балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдерінің шеруі бір мезетте Қазақстанның барлық ірі қалаларында өткізілді. Ұйымдастырушылар осы шара арқылы жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруды көздеуде.

Сапаралы Мекембаев – студент:

– Балғындар елдің болашағы. Біз үлкендер кішкентайларға үнемі қамқор болып, бағыт-бағдар сілтеп отыруға дайынбыз.

Осы күні жерлес музыканттар есімі әлемге әйгілі Латив Хамиди, Н.Тілендиев, Вольфганг Моцарттың шығармаларын орындап, қала тұрғындарын бір серпілтіп тастады.

Еңсесін тіктеп адымдап алға басып келе жатқандарды сырттан бақылаған кішкентайлар мен ересектер уралап, осынау ерекше сәтті суретке басып алуға тырысуда. 20-дан астам ұжым 4 шақырымды артқа тастап Тәуелсіздік стелласына келіп жетті. Сап түзеп қалың көпшілікпен бірге мерекелік концертті тамашалады. Ерлі-зайыпты Арай мен Сабыржан екі баласына бір күнін толығымен арнау үшін жұмыстан әдейі сұранып келіпті.

Арай Махметова:

– Бүгінгі шеру өте жақсы өтті. Балаларыма, өзімізге ұнады. Аспанымыз ашық, бала-шағаларымыз аман болсын!.

Үмітеткен Молдахметова мәдени көпшілік шарасына немерелін ертіп әкеліпті. Білім саласында көп жылдар бойы табысты еңбек еткен педагог кішкентайларды осындай мерейлі мерекелерден тыс қалдырмау керек дейді.

Үмітеткен Молдахметова:

– Бала кішкентайынан жақсылықты, тамаша көріністерді көріп өссе, өскенде жан-жағына шуағын шашып, нұрланып жүреді. Жамандық атаулыдан аулақ жүреді.

Егор Макаров түрлі ұлттың балаларымен ойнап-күліп емен-жарқын араласып жүр. Ол мерекеде орыс халқының биін билеп, кейін күрес сайысына қатысып күнін көңілді өткізбекші.

Егор Макаров:

– Бүгін күн сондай тамаша. Кешегіндей жаңбыр жоқ. Күн шайдай ашық. Бүгін балалардың күні жақсы өтіп жатыр.

Осы күні әр бала ойынның қызығына батып, өзі қалаған ермегін таба алды. Әкежан Ержан асфальт бетіне үйдің суретін салуда. Анасымен еріп келген. Әкесі отбасына арнап жер үй салып жатыр екен. Әкежан Ержан
әр отбасында жеке үйі болсын деп тіледі.

Әкежан Ержан:

– Балалар, мерекелерің құтты болсын. Аман болыңдар. Папа, мамларыңды тыңдаңдар. Мен бүгін жер үй және үлкен үй салдым. Әр отбасында жеке баспанасы болсын.

Тұрғындардың көбі Мәдениет және демалыс саябағында жастардың заманауи биін тамашалады.

Басқалары қарап тұрмай, спорттық жарыстардан сынға түсті.

Берік Қасен