Без категории

Теріскейліктер саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды

Владимир Бубенко – СҚО мәслихаттың хатшысы:

– Өткен ғасырдың 30-шы жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам сотталып репрессияланды. Күштеп ұжымдастыру жаппай аштыққа әкеліп соқтырды. Ішерге ас таба алмаған ата-бабаларымыз қырылып қалды. Бұл тарихи оқиғаны біз ұмытпауымыз керек.

Бұдан кейін қолдарына қызыл қалампыр ұстаған теріскейліктер қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, бір минуттық үнсіздікпен рухтарына тағзым етті.

Қазақтың қайсар мінез ұлдарын қынадай қыру саясаты елдің есін екеу, түсін төртеу қылды. Адам сенгісіз түрлі жалалар жабылды. Қайыржан Құлақбаевтың атасы Байбатыр Ержанов-Құлақбаев сталиндік репрессияның құрбаны. Ол 1897-ші жылы дүниеге келген. Алаш орда партиясының мүшесі. Қиын-қыстау кезеңде “Айқап” журналына солақай саясатты ашық жазған. 8 жылға сотталған.

Қайыржан Құлақбаев – Байбатыр Ержанов-Құлақбаевтың немересі:

– 1935-ші жылдың 14-ші желтоқсанында үкіметке қарсы саясат жүргіздің деп Семейде ұстады. Атам ол қалада тау-кенді зерттеу техникумында мұғалім болған. 1931-32-ші жылдардағы аштықты сипаттап жазған. Сол үшін соттады. Отбасысына 1939-шы жылы жүрек талмасынан көз жұмды деген жалған анықтама берген.

Алаш орда партиясының зиялысы, ақиық ақын – Мағжан Жұмабаев та сұрқия саясаттың құрбаны болды. Бұл күні теріскейліктер жерлесіміздің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, дара тұлғаның рухына тағзым етті. Мағжан Жұмабаевтан бөлек туған інісі Сәлімжан Бекенов те репрессияның зардабын тартқан. Бұны оның ұлы Тасболат Бекенов айтып отыр. Әкесін 1953-ші жылы НКВД-ың баскесерлері Сталин өлгенде қуандың деп алып кеткен.

Тасболат Бекенов – М.Жұмабаевтың немере інісі:

– Әкемді 53-ші жылдың 14-і сәуірінде соттады. Сталин наурыздың 5-і қайтыс болған. Соған сен қуандың деп 25 жылға темір торға тоғытты. 25 куәгер теріс қарап тұрып жауап берді. Әкемнің бетіне қарауға ұялды. Қоштасайын деп жанына барайын дегенде 6 солдат маған мылтығын кезенді. Кейін капитан жіберіңдер деп бұйырды. Мойынына асылып едім, әкем Сталин өлді деп қуанышпен құлағыма сыбырлады. Бұдан соң өзімді де халық жауының баласысың деп талай жерден қудалады. Ресейде оқуға бір милиционердің көмегімен түстім. Кейбір адамдар әлі күнге дейін маған халық жауысың деп айтады.

Тасболат Бекеновтың әкесі ақыры 1957-ші жылы түрмеден босатылды.
Бұдан бөлек күштеп қоныс аудару да мықтап жүргізілген. Солақай саясаттың нәтижесінде өңірімізге 130 мыңнан астам түрлі ұлт өкілі депортацияланды. Оларды қазақ халқы бөтенсімей, құшақ жая қарсы алды.

– Жаппай күштеп қоныс аудару, репрессия, ашаршылық. Бұның барлығы өткен ғасырдағы солақай саясатты ұстанғандардың қолдан жасаған нәубеті. Ел бойынша 140 мыңнан астам адам сталиндік террордың құрбаны болды. Қазақстандағы репрессия 1928 жылдан басталды. Ең бірінші болып солақай саясаттың құрбанына Алаш орда партиясының зиялылары ілікті. Құрамы – 44 адам. Ал «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқан шолақ белсенділер қазақтың алдындағы ақадал малын тартып алмады. Нәтижесінде мыңғырған малдан тігерге тұяқ қалмай, 2 млн-нан астам қандасымыз аштықтан көз жұмды.

 

Риат Шони