Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Қытай және Сингапур мемлекеттерінің инвесторларын қабылдады

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келешекте облысымыздағы майла дақылдар алқабын 1 млн гектарға ұлғайтпақшымыз. Негізі жерімізде барлық ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге болады.

Құнарлы жерімізде дәнді, бұршақты, майлы дақылдарды, көкөністерді көптеп өсіріп, оны терең өңдеп экспорттауға болады. Қытай инвесторлары бұдан өзге ет, сүт, бал, балық өнімдерін тұрақты сатып алып отыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елімізде инвесторларға қолдау ерекше. Кедендік баж салығынан босатылған. Инвестициялық жобаға жұмсалған шығынның 30 пайызын қайтарып береміз.

Аспан асты елінің азаматтары өңірімізде Агро өндірістік парк салып, болашақта сүт, ет тағы да басқа ауыл шаруашылығы тауарын терең өңдеу бағытында қытайдан инвесторларды тартуға көмектесеміз деді.

Дзя Хэи – инвестор, “Тайынша май” компаниясының құрылтайшысы, ҚХР:

– Қазақстан мемлекеті инвесторларға жақсы жағдай жасауда. Үлкен қолдаудың арқасында біз Тайынша май зауытын санаулы айлардың ішінде салып, қолданысқа тапсырдық. Әдетте оған 2,5 жыл жұмсалатын. Бізге сапасы жоғары, экологиялық таза өнім қажет. Керек болса озық технологиямызбен бөлісеміз. Аспан асты елінің ғалымдары қазақстандық әріптестіремен тығыз жұмыс жасауға әзір. Бизнесте нақтыланған жоспар болғанда дамиды. Біз алдағы күнімізге сенімді қарау үшін жергілікті аграрийлермен, шикізатты үздіксіз жеткізіп тұру жөнінде нақты келісімге келу керекпіз.

Қытай Қазақстанды қаржы құюға қолайлы мемлекет ретінде таныған. Бізде “Нұрлы жер” бағдарламасы болса, ол елде “Бір поезд-бір жол” бағдарламасы бар екен. Оның табысты жүзеге асырылуына Сингапур мемлекеті де үлес қоспақшы. Аталған мемлекеттің өкілі Сэм Онг жиында сөз алып, тау-кен, банкинг, логистика бағытында Қазақстанға жақсы жобалар ұсына алатындығын жеткізді.


Берік Қасен