МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ Басқарма төрайымын қабылдады

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл өңірде салынатын тұрғын үйлердің аумағын 200 мың шаршы метрге дейін жеткізбекшіміз. Келешекте “Жас өркен” ықшам ауданында әдемі үйлер тұрғызылмақ. Бұдан бөлек “Солнечный” кентінде жеке жер үйлерге 500 учаске бөлінген. Тұрғын үй секторына инженерлік-коммуникациялық желілер тарту үшін “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында 1,3 млрд теңге бөлінді.

Биыл облысымызда 11 көппәтерлі баспана тұрғызылуда. Құрылысы аяқталып, тексерістен өткен баспаналар маусым айынан тапсырыла бастайды. Бірінші болып тізімде баспанаға мұқтаждар тұр. Ал еңбекке қабілетті азаматтар, банктен депозит ашып, өз пәтерін маңдай терімен жинаған қаражатына сатып ала алады. Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілі Ләззат Ибрагимова осылай деді.

Ләззат Ибрагимова – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы:

– Жаңадан тұрғызылған үйлерден пәтер алдымен қала әкімдігінде жылдар бойы кезекте тұрғандарға беріледі. Оның өзінде әрбір азаматтың төлем қабілеті тексеріледі. Биыл елімізде тұрғызылған үйлердің 50 пайызы Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына беріледі. Бүгінде теріскейде 2 мың заемшы тиісті қаражаттың 50 пайызын жинапты. Облыста салым мөлшері аз.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, тұрғын үйге төленетін бастапқы жарнаны 30 пайыздан 15-ке төмендетуге болады. Бірақ бұл құрылыс нарығындағы ахуалды, салымшылардың жағдайын жеңілдетпейтін көрінеді.

Ләззат Ибрагимова – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы:

– Петропавлдық салымшылардың көбі бастапқы ойларынан айнып, пәтерді “Береке” шағын ауданынан емес, “Жас өркен” ауданында салынатын үйлерден алсақ деген өтініштерін айтып жатыр. Бұл алдағы уақытта “Нұрлы жер” бағдарламасының жүзеге асырылуын қиындатып жіберуі мүмкін.

Кездесу соңында облыстық әкімдік пен “Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ “Нұрлы жер” бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру жөнінде меморандумға қол қойды.

Берік Қасен