МТРА жаңалықтары

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтті

Юрий Белоног – облыстық мәслихат депутаты, «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша комиссияның жетекшісі:

– Біздің өңірде қан айналымы жүйесі ауруларынан, тағы ісіктердің пайда болуынан қаза болатындар көрсеткіші жоғары. Ал жалпы алғанда теріскейдегі өлім көрсеткіші республикалық деңгеймен салыстырғанда 60 пайызға жоғары. Осындай проблемаларды шешу үшін алдын алу жұмыстарын мықтап қолға алу керек.

Өйткені, біздер ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде дегенді жақсы білеміз. Сол себепті бұл шаруаға барлығы білек сыбана кірісуі қажет деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы – Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Біздер алдын алу жұмыстарын жүргізуде бастауыш партия ұйымдарының, кеңес мүшелерінің көмегіне жүгіну керекпіз. Сіздер тек саяси жұмысты ғана атқармай, осындай шаруаларға да назар аудару керексіздер. Іске кіріскен екенсіздер, ендеше жан-жақтылық талап етіледі. Жұмыс берушілер де өз қарамағындағыларға салауатты өмір салтын барынша насихаттауы қажет. Сонда ғана біздер дені сау ұлт, ұрпақ қалыптастыра аламыз.

Бүгіндері бұл салада тағы кадр жетіспеушілігі байқалады. Қазіргі таңда теріскейге 316 дәрігер қажет. Оларды тарту жұмыстары да сылбыр жүргізілуде. Өйткені, оқуды аяқтап келген жас маманға ең басты баспана мәселесін шешу керек. Осы ретте, кеңес мүшелері дәрігерлерге арналған үй не жатақхана салу идеясын айтты. Бұл сауал алдағы уақытта жіті қарастырылмақ. Кейін жиында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы сөз болды. Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен жолдарды салуға қыруар қаржы бағытталыпты.

Болатбек Айтбаев – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:

– 2017 жылы Петропавл арқылы өтетін республикалық маңыздағы «Челябі-Новосібір» тас жолының 60 шақырымын жөндеу көрмек. Тағы қазір қалаға кіре берістегі көпір жөнделіп жатыр. Жалпы барлығы бағдарлама бойынша 6 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 5 млрд 700 млн теңгесі Ұлттық қордан бөлінсе, қалғаны республикалық бюджеттен қарастырылған.

Ендігі мақсат – ақшаның тиімді жұмсалуын бақылауға алып, жолдардың сапалы орындалуын қадағалау болмақ.

Құмар Ақсақалов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– 2018 жылға дейін біздер облысқа кіретін барлық жолдарды жөнге келтіреміз. Ең біріншіден Ресеймен шекаралас аумақтардағы жолдар дұрысталады. Ол ең алдымен логистика, тауарайналымы үшін керек. Біздер тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірміз. Экономиканы дамыту үшін ең алдымен инфрақұрылымды түзету маңызды. Сондықтан қырауар қаржы бөлінеді. Бірақ оны қадағалау маңызды. Бұл іске партия, қоғамдық бақылау күшеюуі тиіс. Бюджттен кеткен әр тиынның мақсатты жұмсалуы сізбен біз үшін керек.

Кейін кездесуде Шал ақын және Тайынша аудандарының басшылары сөз алып, өздерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалып жатқан жағдайдан хабардар етті. Баяндама оқыған қос аудан басшысы ғимараттардың пандус, арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталғандығын айтып, біраз сандарды сөйлетті. Бірақ барлығы олар оқығандағыдай әдемі болмай шықты. Партия өкілдері жүргізген арнайы тексеріс, аудандардағы кітапхана, Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мәдени ошақтар мен аураханалар, тіпті әкімдіктердің өздерінде мүгедектерге жағдай жасалмағандығын көрсетті.

Құмар Ақсақалов – «Нұр Отан» партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Негізгі ғимараттар тексерілді. Бірақ олардың өзіне мүмкіндігі шектеулі жандар кіре алмайтын болып шықты. Міне, осы сіздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіші болып табылады. Мүгедектерге кедергісіз жағдай жасалуы тиіс. Бұл бағдарлама 2012 жылдан бастап жүргізілуде. Ал 2018-де аяқталуы тиіс. Ал сіздерде осы уақыт аралығында түк жасалмапты. Жалған сандарды тізгенше нақты жұмыс істеу керек. Шаруаға салғырт қарағандар жазадан құтылмауы тиіс.

Осы аталған қос аудан басшысының жұмысын сынға алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов оларға сөгіс жариялауды ұсынды.

 

Магжан Ахмадина