Мәдениет

Халықаралық театр сыншысы Сәния Қабдиев жергілікті актерлерге шеберлік сағатын өткізді

Сәния Қабдиева – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, халықаралық театр сыншысы:

– Театрда шығармашылығыңды қай қырынан көрсетемін десең де жол ашық. Қазіргі таңда осы өнер түрі интеграцияланып жатыр. Спектакльдегі негізгі идеяны түрліше жанрды қолдану арқылы халыққа жеткізуге болады. Қаншама талантты режисерлер жақсы образдарды ойлап тауып, бірегей қойылымдарымен көпшіліктің көңілінен шығуда. Орталық Азия елдерінде теңдесі жоқ спектакльдерді дүниеге әкелуде. Кейінгі толқын солардан үлгі алуы тиіс.

Театртанушы Сәния Қабдиева сахна кеңістігін дұрыс пайдалана білу жөнінде сөз қозғады. Шетелдік майталмандардың қойылымдарынан үзінді көрсетіп, әріптестеріне қандай бағытта даму керектігін көрсетті. Шеберлік сағатына жас актер Думан Адыкенов қатысты. Айтуынша, орынды айтылған сын театр өрісін кеңейтеді.

Думан Адыкенов – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актеры:

– Сын – театр үшін аса қажет, сол арқылы жас маман жинақталып, тәжірибелі мамандар заманның ағымына қарай жұмыс жасауға лайықталады. Яғни, қандай жағдайда да сұраныстың бар екенін, халық алдында есеп беру керектігін еске салады.

Профессор Сәния Қабдиева өңірімізде бірнеше күндік жұмыс сапарымен болып, жергілікті театрлардың репертауарындағы спектакльдерді бағаламақ.

Берік Қасен