Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімі өңіріміздің белсенді жастарымн кездесті

Гүлсара Үсербаева – СҚ КПК студенті:

– Менің болашақ мамандығым – технология пәнінің мұғалімі. Алдарыңыздағы заттарды біздің колледждің студенттері жасаған. Бұның барлығы сабақ барысында жүргізіледі. Кілем тоқып, жастықшалар дайындаймыз.

Өңір жетекшісі жастарға алдағы уақытта бұл заттарды сатып, кәсіпкерлікпен айналысуға болатындығын айтты.
Ал мына жерде роботтардың түр-түрі жайғасқан. Оларды солтүстікқазақстандық оқушылар өздері құрастырады. Қазір өңірде робототехника саласы жақсы дамып келеді. Былтыр робототехникамен 47 жас айналысса, биыл олардың саны екі еселенген. Енді олар IT саласын дамытуға үлестерін қосу керек дейді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Бұдан соң облыс әкімі бетпе-бет өңір жастарымен жүздесіп, әңгімелесті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Елбасымыз “Қазақстан-2050” стратегиясында жастардың бәсекеге қабілетті болуы үшін қандай болу керектігін айтты. Сіздер елдің ертеңісіздер. Сондықтан, Қазақстанның жастары білімді, интеллектуалды, жан-жақты болуы керек.

Нұржан Төлеген мен оның қасындағы жолдастары үшін бүгін ерекше толқынысты күн. Өйткені, олар қазір аймақ басшысына өздерінің жаңа жобаларын таныстырмақ.

Нұржан Төлеген – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 1-курс студенті:

– Мен достарыммен бірге ЕХРО көрмесі жайлы толық ақпарат енгізілген қосымша ойлап таптым. Ол ұялы телефондарға жүктеледі. Біздің жобамыздың көмегімен шетелдіктер қай жерде қандай шара ұйымдастырылатынын және қай уақытта болатынын біле алады.

Бүгінде бұл жобаны іске қосу туралы ұсынысты жас өнертапқыштар «Астана ЕХРО-2017» Ұлттық компаниясына жіберіп, олардың жауаптарын күтуде. Жігіттердің бастамасын жақсыға бағалаған облыс әкімі Құмар Ақсақалов алдағы уақытта жас өнертапқыштардан қаламызға қатысты тың бағдарламалар күтетіндігін айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Біздің облысымыздың орталығында да оңтайландыратын жұмыстар жетерлік. Сондықтан, сіздерден жарық пен қызмет көрсетуге және сатып алуға қатысты тың идеялар күтемін. Және оларды жүзеге асыруға дайынмын. Өйткені, біз тұрғындарға барынша жағдай жасауымыз қажет.

Жиында жастар ойларымен бөлісіп қана қоймай, аймақ басшысына өлең де оқып берді. Студент Жасар Нұрданбек тарихи Отанына деген сүйіспеншілігін шумақтар арқылы білдірді. Өйткені, ол – Қытай елінің азаматы. Бірақ, қазір қандасымыз foundation бағдарламасы бойынша жергілікті ЖОО-нда білім алып жатыр екен.

Кездесуде солтүстікқазақстандық қыз-жігіттер өңір жетекшісіне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жауап та ала алды. Сонымен қатар, олар өтініштерін де білдірді. Солардың бірі – велотұрақтар орнату. Өйткені, қазір Петропавлдағы сауда орталықтарының маңы мен қоғамдық орындарда аталған көлік түріне арналған жер мүлдем жоқ. Өңір жетекшісі жастардың бұл идеясын қолдайтындығын айтып, оларға облыс орталығындағы саябақтың жобалауына ат салысуларын сұрады. Кездесу соңында жиынға қатысушылар облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жастардың атынан арнайы жазуы бар футболка мен жиын барысында салынған аймақ басшысының суретін сыйға тартып, селфи жасады.

 

Айгерим Ержанова