Балалар

Петропавлда екі лагер 9-маусым күні өз жұмысын бастайды

Болат Жанғожинов, «Планета» туристік орталығының директоры:

– Бұл жаңа үйлердің салынуы есебінен “Достық” лагерінде демалатын балалар саны артады. Биыл бір маусымда 254 баланы қабылдайды. Сауықтыру лагерлерін жөндеуге биыл жергілікті бюджеттен 37.5 млн теңге бөлінді. Барлық корпустарға ағымдағы жөндеу жүргізілді. Бассейндер, асхана мен медпунк жөнделді. Аллея салдық. Жұмыстар толығымен маусымның 4-і аяқталады.

Ал, “Аққайың” лагеріне 7-11 жас аралығындағы балалар келеді. Мұндағы 4 корпус та толық жөндеуден өтіпті. Демалушылардың төсек орындарына дейін дайын тұр. Мұнда әр маусымда 182 бала орналасады. Қазір жұмыскерлер тек асхананы реттеп, жуып-шаю үстінде. Мұнда жаңа пештер әкелінген. Барлығы талапқа сай, шешімін таппай тұрған мәселе жоқ дейді, мамандар. Қос лагерде 5 маусым ішінде жалпы саны 2138 бала демалатын болады.

Алмагүл Оспанова, Петропавл қаласының білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі:

– 600 бала Жалпыға бірдей білім беру қорынан тегін демалады. Жолдама 20 мың теңге. Бұлар аз қамтылған отбасының балалары. Педагог мамандар үш тілде білім беретін болады.

Аулалардағы әткеншектер де жөнделіп, сырланған. Алдағы сенбі-жексенбіде сауықтыру лагерлері орналасқан аймақ кене мен масаға қарсы дәріленеді. Үш құдық тексеріліп, ауыз суы сараптамадан өткізілген. 5 уақыт ас мәзірі де бекітіліпті. Енді бұл дайындық жұмыстарының барлығын өрт сөндіру қызметкерлері мен эпидемиолог мамандар тексереді. Тек осыдан кейін ғана, маусымның 9-ы күні лагерьлер демалушыларды қабылдайды.

 

Акбопе Танирберген