МТРА жаңалықтары

ЭКСПО-ны өткізу шикізатқа тәуелділіктен құтылуға серпін береді

Ахметжан Есімов – «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

– Қазіргі таңда Елбасымыздың көрменің тақырыбын «Болашақ энергиясы» деп алғаны үлкен көрегендік болғанын түсініп отырмыз. Өзіміз көріп отырғандай, шикізаттық мемлекет мұнай бағасының құбылуына тәуелді. Президент біздің еліміздің шикізатқа тәуелді болмауы керек екенін бұған дейін де сан мәрте айтқан болатын. Меніңше, Астанада осындай көрмені өткізу – шикізат тәуелділігінен арылуға жасалған үлкен серпін.

Былтырғы жылы көрмеге небәрі 30 мемлекет қана қатысуға ниет білдірген болатын. Ал қазіргі таңда оған қатысушы елдердің саны 115-ке жеткен. Ахметжан Есімовтың айтуынша, бүгіндері шараға деген қызығушылық арта түскен.

Ахметжан Есімов – «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

– Күн сайын павильон өкілдерімен болашақ энергиясы тақырыбында баспасөз мәслихаттарын өткіземіз. Яғни қатысушы елдердің өзі қызығушылық танытып отыр. ЭКСПО-ны өткізу мамандар мен қарапайым азаматтардың, әсіресе жастардың инновациялық технологиялар төңірегінде тың ойлауына серпін берді, олар бүгінде болашақ энрегиясына қатысты өз ұсыныстары мен ойларын бөлісуде.

Сондай-ақ, Ахметжан Есімов былтырғы жылы отандық өнертапқыштар арасында «Болашақ энергиясы» байқауы өткізілгенін де тілге тиек етті.

Ахметжан Есімов – «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

– Осыншалықты қызығушылық болатынын өзіміз де күткен жоқпыз. Бір айдың ішінде 200-ден астам қызықты ұсыныстар түсті, олардың көпшілігі патенттелген. Президентіміз алдын ала болжағандай, бұл тек болашақ энрегиясының ғана емес, жылпы технологияның дамуына серпін береді.

Осы ретте, Кореяның Тэджон қаласында өткен ЭКСПО-1993 көрмесі Дэдок ғылыми қалашығының өркендеуіне әсер еткенін де айта кетті ұлттық компания басшысы. Ал бұл – Кореядағы заманауи ғылым мен технологияның Меккесі іспеттес. Жапониядағы «Кремний аралы», Париждегі инновациялық орталықтар, Франциядағы Гренобль секілді технологиялық орталықтар экономиканың драйвері саналады.

 

Магжан Ахмадина