МТРА жаңалықтары

Балалардың құқықтарын қорғау жөнінде республикалық бейне-конференция өтті

Ғалия Ілиясова – СҚО білім басқармасы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың құқығын қорғау бөлімінің басшысы:

– Өңірімізде балалардың құқықтарын қорғайтын 14 білім бөлімі бар. Барлығы 21 маман өмірлік қиын жағдайда қалған балалармен жұмыс жүргізеді. Біз үлкендердің қарауынсыз қалған балаларды есепке аламыз. Мектептерде оқушылармен әлеуметтік педагогтар, психологтар жұмыс жасайды.

Республикалық бейне-конференцияға Қазақстандағы бала құқығы омбудсмені төрағалық етті. Зағипа Балиева заң алдында жауапкершілікке тартылған бұзақы жеткіншектерді түзейтін балалар үйін құру жөнінде ұсыныс жасады.

Зағипа Балиева – ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты:

– Сот алдында жауапқа тартылып, қылмыскер атанған балаларды колонияларында бірге ұстамау керек. Олар болашақта қылмыстық топ құруы мүмкін. Біз одан да аймақтарда жасөспірімдерді қайта тәрбиелеу үйлерін ашсақ болады. Онда педагогтар мен психологтар баламен жүйелі жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, мәжілісте кәмелет жасына толмаған балаларды сот процессіне қатыстырмай, олардан бөлек бөлмеде жауап алу туралы ұсыныс айтылды. Осы тұста елімізде балаларға арналған “111” сенім телефонының жұмыс істейтіндігін айтып кеткен жөн. Өмірлік қиын жағдайға тап болған, үлкендерден үнемі жәбір көретін, өміріне қауіп төніп тұрған балғындар 111 нөміріне қоңырау шалып, көмек сұрай алады.

Берік Қасен