МТРА жаңалықтары

“СҚО аумағын дамыту” бағдарламасы қалай жүзеге асуда?

Бүгін қаралатын бірінші сұрақ – «2016-2020 жылдарға арналған СҚО аумағының дамуы» бағдарламасының орындалуы. Бұл жайында экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков баяндауда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 130 мақсатты көрсеткіштің 91-і орындалған.

Арсен Қазбеков, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Ал, 15 көрсеткіш бойынша нәтиже тиісті деңгейге жеткен жоқ. Өзіміз шамамен қанатағаттанарлық деп бағалап отырмыз. Негізінен барлық салалар бойынша 70 пайыз көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Индустриялық-инновациялық және ауыл шаруашылық бойынша жеке салаларда мәселелер бар. Себебі, олар біздің экономикамызға тікелей әсер етеді.

Құмар Ақсақалов жоспарды орындамаған мемлекеттік орган басшыларын сынға алды. Мәселен, Индустриялық-инновациялық даму басқармасы металлургиялық өнеркәсіптегі өндіріс көлемі бойынша және ылғалсыз сектор бойынша инвестиция көлемін арттыруда бірқатар істерді соңына жеткізбеген. Бұл орайда облыс әкімі кәсіпкерлермен жақынырақ жұмыс жасауға кеңес берді.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Біздің мақсатымыз – көмек көрсету, жағдай жасау. Барлық нысан бойынша бетпе-бет жүздесіп, нақты, жеке жұмыс жүргізілуі керек.

Бүгін кем-кетіктерге жол бергені үшін бірнеше ведомство басшысы есеп берді. Оларда кей салалар бойынша көрсеткіш төмен. Оған қоса айып балдарын да алған.

Арсен Казбеков, СҚО экономика басармасының басшысы:

– Айып ұпайлары үш бағыт бойынша беріледі. Көрсеткіштерді 30 пайызға асырып орындау бойынша айып 2.2 балды құрады. Толық емес, күмәнді ақпарат берген үшін 2 айып ұпайы және көрсеткішке жетпеніміз үшін 6 айып ұпайын алдық.

Бағдарлама нәтижесі енді жыл қорытындысы бойынша қаралады. Оны жоспарлау мен жүзеге асыруды өңір жетекшісінің орынбасары Асқар Сақыпкереев қадағалайтын болды. Ал, 2016 жылдың қорытындысына қанағаттанарлық деген бағаның берілуі – жауапты мамандардың кәсібилігінің төмендігін көрсетіп отыр, деп атап кетті, Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Сіздердің әрқайсыларыңызға жұмыс барысында жетекшілік ету құқығы берілген. Сіздер – менеджерсіздер, жағдайды көріп, қарап отырмай болжай алу керексіздер. Қандай кәсіпорындар жұмыс жасап отыр? Олардың жұмыс көлемі қандай. Бәрін білу керек. Экономика орнында тұрған жоқ. Алға қарай даму қажет. Ал, мұның барлығы басқарма басшыларының көз алдында өтіп отыр. Бұл – сіздердің жұмыстарыңыздың көрсеткіші.

Кейін өткен жылыту маусымының қорытыныдысы мен алдағы қауырт кезеңге дайындық барысы айтылды. Күзге дейін «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ жөндеу-жаңғырту жұмыстарына 5 млрд теңгеден артық қаражат жұмсамақ. 2-ЖЭО құбырлар жөнделіп, қазан агрегат және бойлерлер орнатылады. Ал, «Солтүстік Қазақстан Электр Желістік Тарату Компаниясы» 1035 шақырым электр тарату желілерін, 123 қосалқы станцияларды түпкілікті жөндесе, тағы 12 қосымша станция мен 104 шақырым электр тарату желілеріне қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізгелі отыр. “ПТС” серіктестігінде 12 шақырым құбыр желісін ауыстырып, 5 жарым шақырым жылу изоляциясын қалыпқа келтіру жоспарланған. Сондай-ақ, 8 км жылу желілері жаңғыртылады.

Әдiлбек Әубәкiров, СҚО энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Биыл 519 қазандықты дайындаймыз. Бюджеттік мекемелерге 174 мың тонна көмір дайындау керек. Жылу-электр, су өткізгіш желілеріне жөндеу жүргізіледі. Бұған қаражат қарастырылған. Бірқатарында жұмыс басталып та кетті. Биыл бюджет есебінен жылыту маусымына 2,4 млрд теңге қарастырылды.

Жиын соңында Құмар Ақсақалов обыстық мәсихат хатшысы мен нұртандықтарға тасқын су шайған шағын аудандардағы сенбіліктерді жалғастыруды тапсырды. Ал, Петропавл әкіміне қызыл су әлі кетпеген аулалардан су сору жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Бүгінде тасқыннан зардап шеккен 100 отбасы өтемақы алып үлгерген. Барлығына 32 млн теңге төленіпті. Қызылжар ауданына тасқын тигізген шығын 67 млн-ыды құрап отыр. Ал, үйі жарамсыз болып қалған рузаевкалықтар ендігі жаңа баспанаға қоныстанған.

Акбопе Танирберген