Мәдениет

Н.Погодин атындағы орыс драма театрының 130-шы маусымы жабылды

Тимур Кәрімжанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы-режиссері:

– Тақырып өте күрделі. Мұндай жағдай казақ халқының әрбір отбасында орын алған. 80 жылдай уақыт өтсе де бұл тақырыпты қозғау әлі де қиынға соғады. Спектакльді көруге барша жұрт дайын емес деп санаймын. Көрермендер мен әртістер көзбе-көз кездесіп, қойылымның бар мән-мағынасын жүректерімен сезу үшін спектакльді кіші сахна форматында өткіземіз.

Қойылымда ашаршылық заман мен қазіргі уақыт ұштастырыла беріледі. Жас азамат Ербол мәскеулік журналист Еленамен кездесіп, өз атасының бастан өткерген оқиғаларын баяндауда. Ұлы жұт жас отбасы Ахмет пен Сәулені де айналып өтпепті. Олар аз ғана уақыт ішінде бар жақындарынан айырылады. Ашыққан тұңғыш перзенттерін құтқарып қалу үшін шарасыз әке жан түршігерлік әрекетке де барады. Алайда, бұған қарамастан 3 жасар ұлдары дүниеден озады.

Ендігі мақсат – дүние есігін жақында ғана ашқан Зеренің өмірін құтқару. Алайда, кішкентай нәресте де тағдыр тәлкегіне ұшырап, аштықтан қайтыс болады. Екі бірдей бауыр еті баласынан айырылған Сәуле жұбайы Ахметтің тірі қалып, ұрпағын жалғастыру үшін өзін құрбандыққа шалды. Осындай жігерлі әйелдің рөлін сомдау театр әртісі Екатерина Литвиноваға бұйырыпты. 7 жыл ішіндегі актрисаның ең қиын образдарының бірі – осы Сәуленің рөлі екен.

Екатерина Литвинова – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының әртісі:

– Тақырыпты сезініп, терең түсіну мақсатында жұт жайлы кітаптардан мағлұматтар іздестірдім. Сәуленің образы өте күрделі. Халық жүрегіне жеткізу үшін оның қайғысын өзіңнен өткізуің керек.

Голощекин саясаты сол жылдары күллі қазақ жерін шарпып, халықтың тең жартысы “Ұлы жұттан” қаза тапты. Қойылымда ашаршылық зардабы ғана емес, қиын-қыстау кезде адамдықтан айырылмау мәселесі де көтерілуде.

Декорация, сахналық образдар мен фондық әуен. Бұның барлығы көрерменге өз әсерін тигізіп, тақырыптың терең ашылуына септесті.

Алена Каминская:

– Өте керемет, терең мағыналы қойылым болды. Еріксіз көзімізге жас та келді. Бұндай тақырыпты көтеріп, халыққа жеткізуді жөн санаймын.

Фархат Молдағали – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрының режиссері:

– Бүгін ерекше қойылым болды, ерекше сілкініс. Әртістердің өнері, режиссерлік трактовка, режиссерлік шешімдер жағынан көрерменге түсінікті, шынымен таңғаларлық жұмыс болды деп ойлаймын.

 

Эльмира Садвокасова