МТРА жаңалықтары

Контрафактілік заттар отандық зауыттарда қайта өңделіп, кәдеге жаратылуда

Енді алькогольдік сусындар кәріздік коллекторға құйылып, құтылар қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Бұл жұмыстармен “Вторсырье” серіктестігінің 40 жұмысшысы айналысуда.

Қайыржан Айсин – “Вторсырье” ЖШС директоры:

– Бөтелкелерді Тараз қаласындағы “Еврокристалл” компаниясына жөнелтеміз. Олар шыныны балқытып, одан қайта құтылар жасайды. Алюминийді Петропавлдағы металл базасына тапсырамыз. Полиэтиленді жергілікті “Радуга” серіктестігіне береміз. Олар оны пластмассаға айналдырып, ілгешек, шелектер сынды түрлі тұрмыстық заттар әзірлейді. Картонды Алматыға жөнелтеміз. Аталмыш кәсіпорындар біз тапсырған заттар үшін ақы төлейді. Бұдан бөлек шыны, картонның, полиэтиленнің әр келісі үшін мемлекеттен субсидия алып тұрамыз.

Мұның бәрі – контрафактілік өнімдер. Қазақстан мен Ресей шекарасынан заңсыз асырылмақ болған. Мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен алкогольдік өнімдер сауда нысандарына түссе, арты соқпақты болар еді.

Сандыбай Қарабай – СҚО әділет департаментінің сот орындаушысы:

– Ресей мен Қазақстан шекарасынан заңсыз өнімді өткізбекші болған азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олар 30 мың бөтелке сыраны тиісті рұқсат құжатынсыз тасымалдаған. Оған қоса тауардың пайдалану мерзімі 9 айдан асып кеткен. Тасымалдаушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.

Бұдан бөлек Ресейлік тасымалдаушылардан 95 дана арақ-шарап өнімдері тәркіленіп алынды.

Берік Қасен