Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы кооперативінің артықшылығы

Юлия Шалаева – “Красный яр” АШК төрайымы, Қызылжар ауданы:

– Екі жыл қатарынан біздер «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы несие алып келдік. Оған Башқұртстанда қаз сатып алдық. Сөйтіп, қанаттылардың санын біртіндеп арттырудамыз. Кішкене балапандарды тағы өсіріп сойып та сатамыз. Өткен жылы 12 тонна құс етін өткіздік.

Құс еті өңіріміздің сауда нүктелерінде ғана емес, Астана, Алматы, Павлодар және Ақтау қалаларына да жөнелтілген. Ісі өрге домалаған кәсіпкер биыл ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, енді ауыл азаматтарын біріктіруде. Айта кету керек, бұл теріскейде ашылған алғашқы құс шаруашылығы кооперативі екен.

Юлия Шалаева – “Красный яр” АШК төрайымы, Қызылжар ауданы:

– Кооперативтің құрылуы арқасында, ісіміз тіпті жеңілдетілмек, біз қосымша субсидияға қол жеткіземіз. Оның аясында құрылғылар алуға, жұмыртқа және құстарды 50 пайызға дейін субсидиялауға болады. Оның үстіне тауарды кооператив мүшелері бізден арзан бағамен алып, өткізе алады. Бірігіп жұмыс жасасақ ісіміз де тез жүреді. Қазір біздер бір маусымда 45 мыңға жуық қаз шығаратын инкубатор салуды көздеп отырмыз. Ол үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгініп, 14 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдемекпіз.

Жалпы бүгіндері облыста 129 кооператив бар екен. Жыл басынан солардың 12-сі 58,2 млн теңгенің қаржылай қолдауына ие болған.

Әсемгүл Қайырденова – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ СҚОФ директоры:

– Олар қондырғылар, айталық, салқындатқыш танкерлер мен сүт жинауға қажетті көліктер алуға жұмсалды. Ал жалпы жыл басынан бізде 187 жеке аулалық шаруашылық қаржылай қолдауға ие болды. Оның сомасы 471 млн теңгені қүрады. Ол негізінен мал басын арттыруға жұмсалды. Айта кету керек, бүгіндері кооперативтерді құруға деген тұрғындардың қызығушылығы артып келеді. Өйткені, олар жақсы қолдау бар екендігін біледі.

Тағы бүгіндері ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорында 3 өтініш қарастырылып жатыр. Оның бірі осы инкубаторий салу болса, тағы бірі сүт өндірісін дамыту, ал үшіншісі мал сою қосынын ашуға қатысты екен.

 

Магжан Ахмадина