Без категории

7614 теріскейлік сталиндік террордың құрбаны атанды

Өңірде 14 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан “Память” қоғамдық қорының бастамасымен Петропавлда 2005-ші жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімі жазылған тақта ашылды. Жарияланған арнайы телемарафонның арқасында халықтан 3 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Бұнда қазір 7 612 адамның есімі жазылған. Алдағы уақытта толықтырылмақ. Бұл бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. “Память” қоғамдық қорының енді болашақта музей ашуды жоспарлап отыр.

Болат Сағындықов – “Память” ҚҚ жетекшісі:

– Шеттен адамдар келеді. Тақтада атасының жазылғанын көреді. Ал оның не үшін сотталғанын, атылғанын музейдің ішіндегі базадан тауып біле алады.

Сүтішев пен Пушкин көшелерінің қиылысында саяси-қуғын сүргін құрбандарының есімдері жазылған тақтадан басқа күштеп қоныс аударғандар мен ашаршылықтың зардабын тартқандарға арналған ескерткіш те бар. Мемориалдық кешеннің бұл жерге орналасу себебі – кезінде НКВД-ның екі қабатты ғимараты болған. Нақ осында тұтқынды ұрып-соғып, кейін атып, мәйіттерін қала сыртына шығарып отырған.

Ел бойынша 140 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады. Оның 7614-і – теріскейліктер. Ресми дерек бойынша бұның 1465-і атылған. Қазақстандағы репрессия 1928 жылдан басталды. Ең бірінші болып солақай саясаттың құрбанына Алаш орда партиясының зиялылары ілікті. Құрамы – 44 адам. Солардың бірі Жұмағали Тілеулин.

Сәуле Мәлікова – СҚ мемлекеттік архивінің директоры:

– Жұмағали Тілеулин – Алаш орда партиясының мүшесі. Өңірде алғашқы болып оқытушылардың семинариясын құрды. Денсаулық саласына да зор үлес қосты.

Айта кету керек, тек 1937-ші жылдың өзінде облыстық комитеттердің 650 бірінші хатшылары репрессияға ұшыраған. Олардың қатарында өңіріміздің тұңғыш басшысы Максим Аммосов та бар. Сондай-ақ, өткен ғасырда кеңес билігі қолдан ашаршылық жасап бүтіндей бір ұлтты жоймақ болды. Сол аралықта 2 млн-нан астам адам ішерге ас таба алмай қырылды. Бұдан бөлек күштеп қоныс аудару да мықтап жүргізілген.

Нәтижесінде өңірімізге 130 мыңнан астам түрлі ұлт өкілі депортацияланды. Міне, өткен ғасырдың қайғы-қасіретінің бір парасы ғана бұл. 1997-ші жылғы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша 31-ші мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Ата-баба рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы.

 

Риат Шони