Білім

Тұңғыш рет “Арнайы білім беру мекемесінің үздік педагогы” өңірлік байқауы өтті

Серхан Батай – байқауға қатысушы, Мүмкіндігі шектеулі №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатының мұғалімі, Петропавл қаласы:

– Балаға ыңғайы келетін, көңілі ауып тұрған нәрсені үйретемін. Ол кіші домбыраны жасап үйренгесін үлкенін жасағысы келеді. Құлшынысы артады, талаптанады.

Серхан Батай жастайынан ағаштан ою ойып, темірден түйін түйіп үйренген бала, өскенде өз нанын өзі тауып жей алады дейді.

Серхан Батай – байқауға қатысушы, Мүмкіндігі шектеулі №1 арнайы (түзету) мектеп-интернатының мұғалімі, Петропавл қаласы:

– Мектеп бітірген түлектерім өз қолдарымен астау, домбыра тағы да басқа қолданбалы қолөнер туындыларын жасайды. Келешекте кәсіп ашып, нәпақасын табады. Біреуге қарап отырмайды.

Серхан Батай өзге әріптестерімен бірге бірінші сыннан сүрінбей өтіп, сайыстың екінші кезеңінде “Мен заманауи педагогпын” тақырыбында эссе жазды. Бұл педагогтардың күндегі жұмысы ізденіске толы. Ұстаздар мүмкіндігі шектеулі балалардың бабын тауып, оларды үлкен өмірге бейімдейді.

Ирина Якимова – СҚО білім басқармасы білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Осындай байқаулар арқылы білім басқармасы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтардың қоғам алдындағы мәртебесін көтеріп, олардың ісіне деген ынтасын арттыруды көздейді. Конкурс 4 кезеңнен тұрады. Мұғалімдер сайыста қазыларға ерекше қабілеттерін көрсете білуі тиіс. Қиялының ұшқырлығы мен
көшбасшылық қасиеттерін байқаймыз. Жылдар бойы жинақтаған құжаттарын қараймыз. Сосын бейнетаспаға жазылып алынған сабақтарын көріп, талқылаймыз.

Байқаудың қорытындысы бойынша 13 үміткерден озып шыққан жеңімпаздарға дилом, қалғандарына сертификат пен сыйлықтар үлестірілді.

Берік Қасен