МТРА жаңалықтары

Петропавлда ескірген жылу және кәріздік құбырлар алмастырылуда

Арман Сауытов – «Қызылжар су» ЖШС техникалық директоры:

– Жер астындағы темір құбырлардың диаметрі 800 мм. Коллектор ескірген. Сол себепті, ауыстыруды қажет етеді. Жалпы, біз биыл өңірде “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 6 бағдарламаны жүзеге асырамыз. Бұл іске ел қазынасынан 683 млн теңге бөлініп отыр. Мир және Уәлиханов көшелері аралығындағы шаруа біткен соң, Уәлиханов және Рижский көшелері арасында жұмыс істейміз.

Бұл аумақтағы құбырлар әбден ескіріпті. Сол себепті, жиі істен шығатын көрінеді. Мәселен, соңғы 5 жылда коллектор 7 мәрте жарылған екен.

Байболат Құлтанов:

– Ескірген кәріздік құбырлар пластикке алмастырылуда. Мұндай коллектор 50 жылға дейін шыдас береді екен.

Жалпы, мамандар Мир және Рижский көшелері аралығында 572 метр құбырды жаңаламақ. Жұмыс 2 жарым айдың ішінде аяқталмақ. Мұндай, қызу шаруа Мир көшесінің келесі бөлігінде де жүргізілуде. Тек, мұнда “СУ Энергострой” серіктестігінің мамандары жылу коллекторларын алмастыруда. Іске 30-дан аса жұмысшы мен 10 бірлік техника тартылыпты. Олар биыл қала бойынша ұзындығы 3 шақырым болатын құбырды ауыстырулары тиіс. Осы күні жоспардың 30 пайызы тындырылыпты.

Игорь Рыбас -“Петропавл жылу жүйелері” ЖШС бас директоры:

– Орнатып жатқан құбырлар темір болғанымен ұзақ жылға шыдас береді. Өйткені, олардың сырты полиэтиленмен қапталған. Коллекторларды алмастыруға 800 млн теңгеден аса қаржы бөлінді. Жұмыс жүргізіліп жатқан аумақта ыстық су уақытша болмайды. Сол собепті, тұрғындар бұған түсіністікпен қараса екен.

Мамандар осылайша Семашко көшесіне дейін жұмыс атқармақ. Кейін, мұндай шаруа Юбилейный, 19-ыншы және 20-ыншы шағын аудандарда жүргізіледі. Жылу құбырларын жаңасына алмастыру қазан айына дейін жалғаспақ. Осы жердегі “СУ Энергострой” серіктестігі қызметкерлерінің ісін қалалық әкімдік өкілдері қатаң бақыламақ.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

– Қала көшелері дұрыс жөнделмесе, ол ертең тұрғындарға, коммуналдық қызмет өкілдеріне кедергісін келтіреді. Сол себепті, біз мұны бақылауымыз қажет. Бұған дейін “Петропавл жылу жүйелері” серіктестігі жұмыс жүргізген жерде 16 шұңқыр жабылмай қалыпты. Бүгінде олардың 11 жабылды. Біз бұл саланы ұдайы бақылап отырамыз.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс орталығындағы жылу құбырларының 68 пайызы жаңасына ауыстыруды қажет етеді.

 

Култанов Байболат