МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік Елтаңбаның жаңа түр келбеті

Биыл еліміздің басты нышандарына 25 жыл толады. Бұл уақыт аралығында рәміздердің стандарттары бірнеше мәрте өзгертілді. Мәселен, 2006-шы жылы “Менің Қазақстаным” атты жаңа гимн қабылданды. Ал былтыр ғана республикамызда Елтаңбаның жаңа келбеті мақұлданды. Енді әр мемлекеттік мекеменің төрінде алтын түстес әрі өлшемі сәл үлкендеу нышан ілулі тұрады.

Бейбіт Әбілев – Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– 2016-шы жылы Елтаңбаның жаңа стандарты бекітілді. Оған сәйкес, нышандарды шығаратын кәсіпорындар рәмізді сатып алған мемлекеттік мекемелерге 3 жыл кепілдік береді. Бұл уақыт аралығында Елтаңбаны сыры кетіп қалса, онда олар оны жаңалап беруге міндетті.

Қазір өңіріміздегі мемлекеттік мекемелер кеңселеріндегі Елтаңбаларды жаңаларына ауыстыруда. Бірақ, мамандардың айтуынша, рәміздерді шығаратын кәсіпорындар үлкен тапсырыстарды орындауға үлгермей жатыр. Ал шілденің 1-не дейін аталған нышанның жаңа нұсқасын әлі алмағандар айыппұл төлейді. Ол шамамен 50 АЕК-тен бастап 400-ге дейін құрайды.

–  Бұдан бөлек еліміздің көк туының стандарттары өзгеруі мүмкін. Бірақ, әзірге бұл мәселені арнайы құрылған комиссия қарастыру үстінде. Жалпы соңғы уақытта өңірде мемлекеттік рәміздерге қатысты заң бұзған фактілер анықталған жоқ. Десе де кейбір мемлекеттік мекемелерде өңі кеткен немесе дақтары бар тулар ілулі тұр.

Бұл олқылықтарды жақында ғана облысымызға келіп кеткен республикалық комиссия анықтаған.

Бейбіт Әбілев – Техникалық реттеу және метрология комитеті СҚО бойынша департаментінің бөлім басшысы:

– Қатаң олқылықтар жоқ. Бірақ ескертулер бар әрине. Бірі туды дұрыс орнатпаған, енді бірі өңі кеткен туды әлі ауыстырмаған.

Айту керек, өңірімізде мемлекеттік рәміздерді өндіретін кәсіпорындар жоқ. Сондықтан, жерлестеріміз еліміздің басты нышандарын Астана мен Алматы және Қарағанды қаласына тапсырыс беріп алады.

 

Айгерим Ержанова