Құқық қорғау органдары

Тасқын кезінде міндетін мінсіз атқарған полицейлер марапатталды

Берік Біләлов – СҚО ІІД бастығы:

–  Тасқын басталғанда өңір жолдарында 60-қа жуық су шаю жағдайы анықталды. Қауырт кезеңде тәулік бойы 200-ден астам полицей кезекшілік етті. Оған 40 бірлік қызметтік көлік тартылды. Сіздер төтенше жағдай кезінде жүйелі түрде жұмыс жасадыңыздар. Абырой болғанда, адам шығыны да, ешқандай ұрлық фактісі де орын алған жоқ.

Қауырт кезеңде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өңір тәртіп сақшылары күні-түні кезекшілік атқарды. Олар тасқын астында қалған бос үйлерге ұры түспеуін қадағалап, құтқарушылармен бірге адамдарды қауіпсіз аймаққа көшірді. Еңбек елеусіз қалмады. Бүгін полиция қызметкерлері марапатқа ие болды.

Бүгін қошеметке бөленгендердің қатарында облыстық ІІД штабының бөлім бастығы Алтынбек Тиштыбаев та бар. Подполковниктің құқық қорғау органдарында қызмет етіп жүргеніне 17 жыл болыпты. Тәртіп сақшысы бір айға жуық қызыл су басқан Заречный кентінде кезекшілік атқарды. Осы аралықта бірде-бір ұрлық-қарлық фактісі тіркелмеген.

Алтынбек Тиштыбаев – СҚО ІІД штабының бөлім бастығы:

– Кей тұрғындар үйлерін тастап кеткілері келмеді. Сондай қиындықтар болды. Біз су басқан баспаналарды қарау үшін “Нива” автокөлігімен немесе құтқарушылармен бірге қайықтармен жүрдік.

Ал өңірде тасқыннан ең алғаш және қатты зардап шеккен елді мекендердің бірі – Рузаевка селосы. Қызыл су ауылға сәуірдің 16-ы күні таңертең жеткен. Тұрғындарға бірніші болып көмекке капитан Александр Осипов бастаған селолық полиция бөлімінің қызметкерлері келді. Барлығы – 9 тәртіп сақшысы. Олар адам шығынын болдырмай, екпіні күшті тасқыннан жерлестерін аман алып қалған. Капитан, тіпті, өзі ажал аузына түсіп қала жаздаған. Сын сағатта сыр бермей өз қарамағындағыларды сауатты басқара білгені үшін бүгін Александр Осипов “Қазақстан полициясына – 25 жыл” мерейтойлық медалін тағынды.

Александр Осипов – Рузаевка селолық полиция бөлімінің бастығы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Көз алдымызда барлығы қорқынышты болды. Тасқын екпінінің күштілігі соншалық, тіпті алып мұздақтар үйлерді қиратты. Адамдарды қауіпсіз аймаққа көшіріп, жарықтың өшірілгендігін және ешкімнің қалып қоймағандығын тексеруге өзім жалғыз аттандым. Бір үйдің жертөлесі ашық қалыпты. Мен соған түсіп кеттім. Су суық, оның үстіне терең. Ажал аузынан әзер дегенде құтылдым.

Жалпы бүгінгі жиында 270-ке жуық тәртіп сақшысы марапатқа ие болды.

 

Риат Шони