Білім

Сыңғырла, соңғы қоңырау

Ақбөпе Тәңірберген,тілші:

– 11 жыл білім нәрімен сусындаған жас түлектер үшін ерекше сәт туды. Бантик байлап, галстук тағынған қыз-жігіттер алтын ұяларымен, ұстаздарымен, оқушылық өмірмен қоштасуда. Бұл күні петропавлдық 889 оқушы үшін мектеп қоңырауы соңғы рет сыңғырламақ.

Бүгін міне 23-ші орта мектептен 28 оқушы жан-жаққа түлеп ұшқалы тұр. Әрқайсысының болшаққа құрған жоспары анық. Елена Шкареда медицина саласы мамандарының қатарын толықтырғалы отыр.

Елена Шкареда, №23 орта мектептің түлегі:

– Біз үшін жауапты күн. Қимастық сезім де бар. Барлық достарыма, емтиханда, ҰБТ-де сәттілік тілеймін. Мектептегі соңғы күндерімізді осы сынаққа дайындықпен өткіздік. Бір жағынан қуанып та тұрмын. Үлкен өмірге қадам басамыз. Балалықпен қоштасамыз.

Бүгін Петропавлдағы барлық 36 мектепте соңғы қоңырау салтанатты шарасы өтуде. Қала мектептерінде 2000-нан артық оқушы білім алады. Оларды кезекті оқу жылының аяқталуымен шаһар басшысы құттықтап, жас түлектерге сәттілік тіледі.

Марат Тасмағанбетов, Петропавл қаласының әкімі:

– Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да жоғары білімді азамат, білікті маман болаңыздар. Еңбектің ең үлкені білім. білімді болу – қазіргі заманның басты талабы.

Кейін көпшіліктің назары түлектер валсіне ауды. Мектептегі соңғы биді шыр айналып билеп жүргендердің арасында Бакиров Мұрат мен Шынар Қарменованың жалғыз қыздары Диана бар. Түлектің анасы бойын қуаныш пен қобалжу қоса билеп тұрғанын жасырмады.

Шынар Қарменова, ата-ана:


– Кеше ғана бірінші сыныпқа берген сияқты едім. уақыт тез өтті. Енді барлық бітірушілерге сәт-сапар тілеймін.

Кейін мектеп бітрушілердің құрметіне бастауыш сынып оқушылары өлең жолдары мен бар өнерлерін ұсынды. Бүгін мұнда жас түлектердің өздерінен бетер қобалжып тұрған тағы бір жан бар. Ол – сынып жетекшісі.

Алмабике Мухантаева, №23 орта мектептің мұғалімі:

 

– Бұл – менің 4-ші рет мектеп бітіртіп отырған түлектерім. Әр сынып өзінше ерекше. Көз алдымда өсті. Қызық күндерді бірге өткердік. Ұрысқан да кездерім болды. Олардың барлық мақсат-тілектері орындалса деп тілеймін. Тату, тез ұйымдасатын сынып болды. Осы ерекшеліктерін жоғалтпаса екен.

Арада көп өтпестен соңғы қоңыраудың сылдыры да естілді.

Кейін бірінші сынып бүлдіршіндері аспанға шар жіберді. Бұл – мектептен тағы бір лектің түлеп ұшқанының белгісі.

Ақбөпе Тәңірберген