Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Айталық, өткен жылы қазақстандық кәсіпкерлерден 17 мың өтініш келіп түскен. Соның 40 пайызы оң шешімін тауыпты. Жалпы бүгіндері елімізде ісін дөңгелетемін деген жандар салық органдары, құрылыс пен сәулет саласында және жер учаскелерін алу кезінде қиындықтарға кезігетін көрінеді. Ол үшін бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Бизнесмендерді аяқтан шалатын тексерістер саны қысқартылуда.

Тимур Құлыбаев – ҚР “Атамекен” ҰКП төралқа төрағасы:

– Ал қалған тексерістер адал кәсіпкерлердің ісін дамытуға бағытталмақ. Жалпы біздер алдағы уақытта заңдық тұрғыдан жұмысын дұрыс жүргізіп отырған іскер азаматтарды қолдамақпыз. Біздер салық төлеп, жұмыс орындарын ашып, жаңа өндіріс орындарын құратын кәсіпкерлерге көмек көрсетеміз. Сонда кәсіпкерлік саласы дамиды. Тиісінше, ел экономикасы еселенеді.

Бүгіндері мемлекет өз ісін ашамын дегендерге жақсы қолдау көрсетеді. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді оқытып, бизнеске тарту үшін «Бастау бизнес» бағдарламасы қолға алынған. Биыл аталмыш жобаны жүзеге асыруға 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлініпті. Оның аясында 15 мың жұмыссызды арнайы курстардан өткізу көзделген. Әрине әр өңірдің өзіндік бизнес климаты бар. Теріскей аграрлы аймақ болғандықтан осы салада жұмыс жасау маңызды. Алайда кейде мемлекеттік органдардың өздері ісін бастаймын дегендер үшін алынбас қамалдай болып көрінеді. Оны кездесуге қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


–  Біздер зерттеп көрдік. Мен аудандық әкімдіктердің сайтына кірдім. Бірде-бірінде ақпарат жаңартылмайды. Оның үстіне қай жер бос, қай жерде құрылыс жүргізуге болдатындығын көре алмайсың. Ал мұның барлығы ашық болуы керек. Инфрақұрылымды тартуда да кәсіпкерлер проблемалармен кезігеді. Осы түрімізбен инвесторларды қалай шақырамыз. Сондықтан бұл жұмысты қазір бақылауға алдық. Болашақта инвесторларға арналған бірыңғай портал құрылмақ. Сол жерден барлық ақпаратты білу мүмкін болады.

Яғни, өңірде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілмек. Кейін жиынға қатысқан кәсіпкерлер өз сауалдарын да жолдап жатты. Олардың бірі монополист компаниялар кәсіпкерлермен жұмыс істеуге, істі жеңілдетуге құлықсыз десе, екіншілері құрылыс саласындағы олқылықтарға тоқталды. Ал жолаушылар тасымалымен айналысатын Болат Рахимов заңсыз таксилердің қаптап кеткендігін айтуда.

Болат Рахимов – СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Партнер-Авто» ЖШС директоры:

 

– Заңсыз жолаушылар тасымалымен айналысушылар қорықпай вокзал маңы мен базарлардың жанында тұрады. Олардың кейбірінің тіпті арнайы құжаттары жоқ. Көбінің көліктері де талаптарға сай болмайды. Ондай жандар біздерге, яғни кәсіпкерлерге кедергі келтіреді. Осы мәселе заңмен реттелсе жақсы болар еді.

Кәсіпкердің сауалына жауап берген астаналық мамандар бұл проблема барлық өңірлерге тән екендігін айтты. Алдағы уақытта оларды лицензиялау қарастырылмақ. Бірақ, бұл мәселенің қашан оң жолға қойылатыны белгісіз. Жалпы алғанда өңірдің әлеуеті зор. Тек соны дұрыс пайдаланса жақсы. Ал бүгіндері теріскейде 28 мыңнан астам бизнес субъектісі бар.

Байболат Құлтанов