Құқық қорғау органдары

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов СҚО ІІД бірқатар бөліністерін аралады

Мәселен, мына темір тұлпар қоғамдық тәртіпсіздік орын алғанда қолданылады. Оның үстіңгі бөлігінен су шашырайды екен. Тағы, бұл жерде барлау жұмыстарына арналған Газ-2330 маркалы көлік те бар.

– Менің атымда – “Тигр” деп аталатын көлік тұр. Онымен ойлы-қырлы жерлерде жүреді. Салмағы – 8 тонна.

Техникалардың барлығымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов танысты. Алдымен ол мобильді байланыс кешеніне бас сұқты. Аталмыш көлік қажетті уақытта белгіленген жерден ақпарат алуға қауқарлы. Арнайы қондырғылар тіпті факс қабылдап, видеоға дейін түсіре алады екен. Тағы, облыс әкімі жедел криминалистік зертхана, полицейлерді тасымалдайтын көліктерді де байқады. Мұнда, сондай-ақ қару-жарақтың сан түрі жайғастырылған. Автоматтар мен тапаншалар туралы облыс әкіміне ІІД бастығы Берік Біләлов айтып берді.
Кейін, Құмар Ақсақалов департаменттің жедел басқару орталығында болды. Бұл жердегі мониторлардан қала көшелері мен аудандардағы тыныс-тіршілікті байқауға болады. Тіпті, шаһардағы 66 нысанда орнатылған 1000-ға жуық камерадағы видео осында түседі. Мамандар бейнетіркегіштердің арқасында жыл басынан 269 қылмыстың бетін ашқан.

Қанат Қасенов – СҚО ІІД Жедел басқару орталығының аға инспекторы:

– Қала көшелерінде 80 камера орнатылған. Осы қондырғылардың арқасында 6 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.

Айта кетейік, облыстық ІІД департаментінің жедел басқару орталығында жазып алынған бейне 3 ай бойы сақталынады. Биыл Петропавл көшелеріне тағы 169 камера қойылмақ. Оның 15-і бүгінгі күні іске қосылған. Бұл ретте аймақ басшысы жеке кәсіпкерлердің ғимараттарда бейне тіркегіш қондырғыларды орнатуға деген құлықтарын сұрап білді.

Ал, бұл – ведомствоның мұражайы. Музейде сонау 19 ғасырдағы құнды қағаздар мен 4 мыңға жуық жәдігер қаз-қалпында сақтаулы тұр. Тіпті, Петропавлда алғаш құрылған полиция бөлімшесі туралы деректі осы жерден кездестіруге болады. Баға жетпес дүниелердің тарихынан өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов хабардар болды. Кейін, облыс әкімі кинологиялық қызмет орталығына ат бұрды. Мұнда қазір иісшіл иттердің 43-і бар. Олардың барлығы ақылды. Осы жеті қазынаның бірі саналатын үй жануарларының көмегімен құқық қорғаушылар жыл басынан заңсыз айналымдағы 3 келіге жуық есірткі затын тәркілеп, 424 қылмысты ашқан. Өңір жетекшісіне мамандар төрт аяқтылардың қарым-қабілеттерін байқатты. Иттер түрлі кедергілерден өтті, сөмкелердің арасынан есірткі тапты. Ал, “Байкал” есімді неміс овчаркасы қылмыскерді ұстап ерекше көзге түсті.

Құмар Ақсақалов сапар соңында жергілікті полиция басқармасының кавалериялық бөлімшесінде де болды. Бүгінгі таңда мұнда 15 қызметтік ат бар. Оларды мініп, тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті қадағалайды.

Наурызбек Исин – СҚО ІІБ бастығының орынбасары:

– Тәртіп сақшылар аттарды мініп саяжайлардағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды. Олар бірнеше маршруттар бойынша жүреді.

Тағы, бұл жердегі аттарды Шәмiл Шақшақбаев атындағы тiрек-қимыл жүйесi зақымданған балаларды сауықтыру мен бейiмдеу орталығының ұл-қыздары да мінеді екен. Олар үнемі осында келіп, бос уақыттарын қызықты өткізетін көрінеді. Облыс әкімі ІІД бастығы Берік Біләловке науқас жасөспірімдерді жылқыларға мінгізіп, сауықтыруға көбірек ат салысу қажеттігін айтты.

 

Байболат Құлтанов