Білім

2017 жылы СҚО-да 3 700-ден астам оқушы мектепті тәмамдады

Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы 43-ші орта мектебі 18 оқушыны қанат қақтыруда. Соңғы қоңырау салтанатында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова мектеп бітірушілерге ақ жол тілеп, алда тұрған маңызды сынақты ойдағыдай тапсыруда сәттілік тіледі.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

– Биылғы оқу жылында мектеп оқушылары түрлі жарыстарға қатысып, 200-ден аса жүлделі орынға ие болғаны ұздастардың еңбегі. Бұл мектептің түлектері алдағы уақытта да тек биіктерден көрінеді деген сенімдеміз.

Түлектердің қуанышына ата-аналар, ардагер ұстаздар мен ақсақалдар да ортақтасуда. Аға буын жас ұрпаққа әрқашан терең білім алу жолында жалықпай ізденіп, елдің дамуына еңбек ететін азамат болуларына тілектестік білдірді. Өмірде кездесетін кедергілер мен сынақтардан сүрінбей өтулерін тіледі.

Амангелді Ибраев – ата-ана:


– Екінші қызым осы мектепті тәмамдап жатыр. Ұстаздарға алғысымды айтамын. Қызымның болашағы жарқын болсын!

Амангелді Ибраевтың кенже қызы Мадина – сыныптың алды. Мектептің намысын облыстық пән олимпиадаларында талай рет қорғапты. Енді, түлек 11 жыл бойы алған білімін ҰБТ-да дәлелдеп, ұстаздарымның үмітін ақтасам дейді.
Болашақта ақ халат киіп, халқына қалтқысыз қызмет еткісі келеді.

Мадина Ибраева – Ғ.Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің түлегі:


– Мен офтальмолог дәрігер болғым келеді. Мамандықты таңдауға ұстаздар мен ата-анам көмектесті. Өз сыныптастарыма ҰБТ-де, өмірде сәтілік тілеймін. Қайда жүрсе де аман болсын!

Мадинаның құрбы-құрдастары осы жазда армандарын қуып жан-жаққа тарап кетеді. Біразы болашақта кім боларын айқындап алған.

Ұларбек Нұрматұлы – Ғ.Мүсірепов атындағы №43-ші орта мектептің түлегі:

 

– Маған 11 жыл бойы тәрбие мен білім берген ұстаздарыма көп алғысымды айтамын. Жоғары білім алып, бизнесмен болғым келеді. Кейін еліме, туыған-туыс пен алтын ұя мектебіме пайдамды тигізсем деймін.

Үлкен өмірге қадам басқан қыз-жігіттер армандары жазылған шарларды көк аспанға жіберді. Кейін ұстаздарына қоштасу вальсін арнады.

Осынау сәтте түлектердің жүректері лүпіл қағып, бойларында қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласып тұрды. Міне, көптен күткен сыңғырлаған қоңырау үні де естілетін сәт жетті. Соңғы қоңырау соғу құрметі оқу озаты, 11-сыныптың оқушысы Ұларбек Нұрматұлыға берілді.

Бұл күні ұстаздар мен мектеп әкімшілігі де түлектерін қимастықпен шығарып салуда. Биыл облыс бойынша 3 700 түлек мектеп тәмамдады.
Салтанатты шарадан соң облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова Ғ.Мүсірепов атындағы 43-ші мектептің ішін аралап, білім ошағының материалдық-техникалық жарақталуын көрді. Халықаралық, ел чемпионаттарында топ жарып жүрген маңдайылды спортшыларымен сұхбаттасты. Олар жеңіл және ауыр атлетика, велосипед спорты, каратэмен айналысады. Негізі мектеп спорттық жетістіктерімен мақтанады. Осымен 9 жыл қатарынан қалалық спартакиадада ешкімге дес бермей келеді.

Берік Қасен