МТРА жаңалықтары

Су, электр төлемдерін онлайн тәртіпте төлеуге болады

Бұл қызмет түрі 2014 жылдан бері қолданыста. Бірақ қала тұрғындарының көбі одан хабарсыз. “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Мағауия Сағандықовтың айтуынша, оңтайландырылған қызмет түрін 89 мың петропавлдық тұтынушының тек 4-мыңы ғана пайдаланады.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– “Жеке кабинет”-ті пайдалану үшін компанияның сайтына кіріп, өтініш берсеңіз жеткілікті. Сізге логин мен құпия сөз беріледі. Сол кілттердің көмегімен жеке кабинетіңізге кіріп, су және электр есептеу құрылығыларының көрсеткішін енгізе аласыз. Жинақталған қарызды біліп, оны тариф калькуляторымен есептеуге болады және коммуналдық төлемдерді онлайн түрде жасай аласыз.

Сондай-ақ, “Жеке кабинет”-те кері байланыс қызметі бар. “Севказэнергосбыт” серіктестігінің мамандары коммунальдық төлемдерге қатысты туындайтын сұрақтардың барлығына 15 жұмыс күні ішінде электрондық нұсқада жауап береді. Светлана Голубь – заңды тұлғалар санатында. Нәзік жанды “Жеке кабинет” қызметін былтырдан бері пайлданып жүр.

Светлана Голубь – “Вега” ЖШС директоры:

– “Жеке кабинет” қызметі өте ыңғайлы. Бұрынғыдай көп уақытыңды шығындамайсың. Тұтынған су, электрдің ақысын онлайн тәртіпте төлеймін.

Келешекте газбен қамсыздандыру, қоқыс шығару қызметтері үшін төлемдердің бәрі “Севказэнергосбыт” компаниясындағы “Жеке кабинет” қызметіне шоғырландырылуы мүмкін. Оңтайландырылған төлем әдістері болашақта аудан тұрғындарына да қолжетімді болмақ.

Берік Қасен