МТРА жаңалықтары

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі жергілікті кәсіпорын жұмысымен танысты

Қазіргі кезде зауыт мұнай өндіру мен өңдеуге қажетті құралдар шығарады. Энергетика, жүк көтеру, темір жол саласының да тапсырыстарын орындайды. Биылғы жоспар – 7 млрд теңгенің тауарын шығару.

Қуаныш Бишімов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры:

– Тағы бір білдек пен лизинг алуды жоспарлап отырмыз. Мұндай неміс құрылғысымен үшкір тісті механизмдерді жасауға болады. Қазір Қазақстанда тікен дөңгелектер өндіру қиын. Тек Ресейде ғана жасалады. Біз де қолға алсақ деп отырмыз.

Бүгінде кәсіпорында 1000 адам жұмыс жасайды. Асқар Мырзахметов зауыттың бас директорына салаға, әсіресе жас мамандарды көптеп тартуды тапсырды. Петропавл ауыр машина жасау зауытында тындырылып жатқан қыруар шаруаны көзбен көрген Ауыл шаруашылығы министрі өңірдегі өзге кәсіпорындардың жұмысымен көрме арқылы танысты. Солтүстік Қазақстандағы зауыттар ауылшаруашылығы саласын дамытуда үлесі зор. Мәселен, біздің өңірде 13 мың трактор мен 7 мың комбайн және мыңға жуық егін егу кешендері бар. Ал, бұл зауыттар аграрийлерді техникаларға қажет бөлшектермен қамтуға дайын. Бұл жайлы өңір диқандары бас қосқан жиында кеңінен айтылды.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:


–  Соңғы жылдары өңір алқаптарына су жаңа 3 мың 689 техника қосылды. Оның жалпы соммасы – 63, 8 млрд теңге. Сонда да бізде техника аздық етеді. Жаңасын алудан гөрі ескісін қолданыстан шығару көп. Көп кешендер шетелден келген. Ауыл шаруашылығына қажет техниканың санын арттыру маңызды. Отандық техникаға көшу керек.

Өзімізде өндірілген техникалар алқаптарда жүйткіп жүрсе диқандардың қалтасы көп қағылмайтын еді. Жергілікті техника едәуір арзаныраққа түседі. Шетелден сайманы келгенше күтіп отырмаймыз. «Қазагрофинанс» АҚ-ның өкілдері отандық өнімді пайдалану тиімділігі мұнымен тоқтап қалмайды деп отыр. Басты артықшылық – 25-пайызға дейін мемлекет субсидиялайды. Қазір Қазақстанда бар 150 мыңнан артық трактордың 35 пайызы, 40 мыңнан астам комбайнның 65 пайызы, 3,5 мың егін егу кешенінің шамамен 90 пайызы астықтың астаналары Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстанға тиесілі. Ал, оған қажетті саймандарды өзімізде де өндіруге болады.

Ратмир Ахметов, СҚО әкімінің орынбасары:


–  Солтүстік Қазақстандағы 13 мың трактордың тек 6 пайызы ғана кейінгі үш жылда шығарылған. 73-пайызының жасалғанына 10 жылдан асып кеткен. Тракторларды жаңарту 1,4 пайызды ғана құрап отыр. Жергілікті аграрийлердің 54 пайызы бұндай машиналарды шетелдік комапниялардан алады екен. Біздің өзіміздегі ПАМЖЗ, Мұнаймаш пен Киров атындағы зауыт өндіретін құрал-саймандар оларға келмейді. Бұл ретте отандық техника санын арттыру керек.

Бүгін сала министріне жергілікті аграрийлер сұрақтарын тікелей жолдай алды. Қосымша құн салығын төлеуде, жанар-жағармай алдыруда туындайтын мәселелерді көтерді. Мәселен, «Зенченко и К» серіктестігінде 24 егін егу кешені, 26 комбайн бар. Серіктестік биыл 36 мың гектарға ырыс дәнін сіңіргелі отыр. Бірақ, Геннадий Зенченко Науқан барысында көлік сынса үлкен мәселе туындап, жұмысымыз бөгеліп қалуы мүмкін дейді.

Геннадий Зенчено, «Зенченко и К» КС бас директоры:


– Бүгін өз техникаларымызды шығаруды дұрыс жолға қою мәселесі көтерілді. Бұл барлық диқандар үшін жақсы болар еді. Менің паркімдегі 50-ге жуық техниканың 40-ы – америкалық John Deere кампаниясының өнімі. Мен бір трактор істен шықса сайманы келгенше көп күтіп қаламын. Бізге сапалы жұмыс жасайтын жергілікті техника керек. Мотор демеймін, ұсақ бөлшектер мен қозғалтқыштар, механикалық қораптармен жергілікті компаниялар қамтып отырса дейміз. Алдымызға қойылған жоспарды техникалық кедергілерсіз атқарғымыз келеді.

Агарарйилер өңірде сервистік орталықтар тапшы екенін де жеткізді. Болашақта кооперация санын көбейту керектігін ұсынды.

Асқар Мырзахметов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:

 

– Біз бүгін ауылшаруашылығын дамытуда енгізу керек көп ұсыныстарды естідік. Тағы да нақтылау керек. Бір жылдың ішінде мұның барлығын іске асырып үлгермейтініміз белгілі. 2017 жылы нақты атқарылуы керек шаруаларды белгілеп алу қажет. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан. Қандай зауыттар, қандай лизингтік бағдарлама бойынша қандай тауарлар шағара алады. Осыны нақтыласа. Барлығы аяғында қаржыландыруға келіп тірелетіні де анық. Мұны да қарастырамыз.

Жиын соңында Асқар Мырзахметов Солтүстік Қазақстан облысының ауылшаруашылығын дамытуда әлеуеті зор екендігін атап кетті.

Акбопе Танирберген