Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келді

Жалпы “Шағала Агро” серіктестігінің егіс даласында егін егу науқанына 60 бірлік техника жұмылдырылған. Оның 4-уі жаңадан сатып алынған. Серіктестік басшылығының айтуынша жанар-жағармай, минералды тыңайтқыштармен 100 пайыз қамтылған. Парға 6 мың гектар жер қалдырылыпты.

Жомарт Омаров – “Шағала Агро” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:


–  Біздің шаруашылықтың жер көлемі 28 мың гектар. Биылғы жылы жоспарланған дақылдардың ішінде 5 мың 500 гектарға рапс, 6 мыңына зығыр, 3 мыңына бұршақ тұқымдастарын сіңірмекпіз.

Бүгін өңірдегі көктемгі дала жұмыстары барысымен танысуға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов келді. Облыс аграрийлерімен кездесіп, ырыздық сіңіруде туындаған сұрақтарын тыңдады. Диқандарды алаңдатып отырған күрделі мәселе – экспортқа шығаратын ауыл шаруашылығы тауарларының барлығын елде тексеру мүмкіндігі жоқ.

Игорь Гришанов – “Аби Жер” ЖШС директоры:

– Біз майлы дақылды Еуропаға сатайық десек, алдын ала бір парасын тексеріске жөнелту қажет. Бұл 1 ай уақытты алады. Оның үстіне қаржылай шығынға батамыз. Экспорттайтын тауарларға талап қатаң. Елге бір зертхана қажет.

Асқар Мырзахметов – ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі

– Елбасы биылғы жылғы Жолдауда органикалық өндірісті арттыру керектігін тапсырды. Осының аясында министрлікте арнайы жоспар құрылды. Оның ішінде қажетті зертхана тұрғызу мәселесі де қарастырылған. Қойған сұрағыңыз орынды. Алдағы уақытта бұл шешіледі.

Сондай-ақ, аграрийлер майлы дақылдарды өткізуде ішкі нарықтағы қайта өңдейтін зауыттар бағасын төмендетпейді ме деп сұрастырды. Өйткені, бүгінде бұндай кәсіпорындар толық қуатта жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет майлы дақылдарды субсидиялап жатыр. Бұның нәтижесінде баға төмендеп кетуі мүмкін деп алаңдайды диқандар. Асқар Мырзахметов түйткілді сұрақ шешілетіндігін жеткізді. Біздің өңірде майлы дақылдарды қайта өңдейтін әзірге жалғыз зауыт бар.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сепкен ырыздықтың 50 пайызын “Тайынша май” зауыты қайта өңдеуге қауқарлы. Бұл кәсіпорынмен біз облыс орталығынан шалғайда орналасқан аудандардың мәселесін шешіп отырмыз. Алдағы уақытта қалаға жақын маңда зауыт тұрғызу жоспарда бар. Өйткені, тасымалдау шығынға батырады. Бұл сұрақ біржақты етіледі.

Қазіргі таңда облыста егін егу науқанының 50 пайызы тындырылған. Биыл көктем кеш келсе де жұмысқа кеш кіріскен диқандар жоспарды асыра орындауда. Қызылжарлықтар да істі жуырда аяқтамақ.

Өмірбай Омаров – Қызылжар аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Бүгінгі күнге дейін жаздық және дәнді дақылдардың 55 пайызы себіліп отыр. Ауданымыз бойынша 308 шаруашылық егін егумен айналысады. Олар тұқыммен және жанар жағармаймен толығымен қамтамасыз етілген. Биыл 8 мың 300 тонна минералды тыңайтқыштар алынып отыр. Жоспар 4 мың 300 тонна болатын.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовпен егіс даласында кездескен өңір диқандарының барлығы көктемгі дала жұмыстарын маусым айы басталғанға дейін аяқтаймыз деп отыр.

 

Байболат Құлтанов