Ауыл шаруашылығы

Өңірге келген ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов теріскейлік диқандармен кездесті

Солтүстікқазақстандық диқандар биыл 4,2 млн га жерге ырыс дәнін сіңірмек. Өңір диқандары жылдағыдай бидайды ғана емес, сұранысқа ие майлы және бұршақ дақылдарының алқабын арттырған. Мұны жиынды ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтып өтті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бүгіндері аграрийлер алдында жерді тиімді пайдалану міндеті тұр. Тағы олар тұқым жаңартып, заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерді қолдануы тиіс. Елбасы еліміз әлемдегі ірі ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші болуы мүмкін дегенді айтты. Осы мақсатқа жету үшін бар әлеуетімізді пайдаланып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмыс жасау қажет. Жеріміз құнарлы. Сондықтан, өсірілген барлық өнім өңделіп, экспортталуы тиіс. Осындай тапсырманы ауыл шаруашылығы құрылымдары алдына қойып отырмыз.

Кейін жиын барысында министрліктен келген мамандар салада болып жатқан жаңашылдықтарды жіпке тізді. Олар еліміздің солтүстік үш өңірі – Ақмола, Қостанай және теріскейдегі жағдайды баяндап өтті. Аталған облыстарда жаздық масақты дақылдар 6 млн гектардан астам аумаққа егіліп үлгерген. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Аграрлы несие корпорациясы арқылы биыл еліміздің диқандары 6 пайыздық үстемеақымен 45 млрд теңге қаржы алған. Былтыр ол 9-11 пайызды құраған болатын. Сондай-ақ, несиелер бойынша талап етілетін құжаттар саны қысқартылды. Мұның барлығы аграрийлердің шаруасын жеңілдету үшін жасалуда. Алайда, соңғы жылдары астықтың сапасы нашарлады дейді мамандар.

Ажар Каджибекова – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департаментінің директоры:

– Мұның ең басты себебі, диқандар тұқымдарды егіп-жинау мерзімін сақтамайды. Айталық, өткен жылы солтүстікқазақстандық шаруалар орта-кеш пісіп жетілетін бидай түрінің тек 15 пайызын ғана себу керек болатын. Ал мұндағылар 35 пайызын еккен. Дәл осындай жағдайлар Қостанай, Ақмола облыстарында да тіркелді. Ал ерте пісіп-жетілетін тұқым түрлерін теріскей мен ақмолалықтар мүлдем сеппеген. Элиталы тұқымдарды себу көрсеткіші 3 облыста да мардымсыз болды.

Диқандар минералды тыңайтқыштарды енгізуге де ерекше назар аударуы тиіс. Өйткені, ел бойынша 2,3 млн гектар алқапта түрлі аурулар тіркеліп отыр. Сондықтан, алдағы уақытта пестицидтер мен фунгицидттер де субсидияланбақ. Тағы жиында ауыл шуаруашылығы кооперативтері жайлы сөз қозғалды. Жалғыз әрекет еткенше, жеке аулалық шаруашылықтар бірігіп қомақты мемлекет қолдауына ие бола алады. Осыны жиында министрлік өкілдері баса айтты. Биыл ел бойынша 400-ден астам осындай ұйым құрылуы тиіс екен. Ал маңызды мәселе – көктемгі дала жұмыстарының өту барысы жайлы жиынға қатысқандарды облыс әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров құлағдар етті.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Биыл бидайды 3 млн гектарға жуық жерде, азықтық дақылдарды – 514 мың гектар, картопты – 27 мың 500, көкөністерді 5,3 мың гектар жерге егу көзделген. Биыл майлы және бұршақ тұқымдас дақылдардың көрсеткіші арттылды. Алғашқысы – 200 мыңға, ал соңғысы 14 мың гектарға арттырылған. Бүгіндері алқаптардағы жұмыс 54 пайызға тындырылып отыр.

Кездесуге қатысқан Ақмола және Қостанай облыстарының өкілдері де өздерінде қауырт маусымның қалай жүріп жатқандығын атап өтті. Астық бітік шығу үшін оны мамырдың 12-сі мен маусымның 3-і аралығында егу көзделген. Нақ сонда күзде мол өнім алуға үмкіндік бар дейді мамандар. Жалпы ауыл шаруашылығы саласында орын алып жатқан жаңалықтар теріскейлік аграрийлерді мазалаған болуы керек, олар министрмен өткен кездесуде көптеген сауалдар жолдады. Диқандар субсидиялау, кооперативтерге бірігу жайын қозғады. Тағы олар минералды тыңайтқыштардың уақытылы жетпей жатқандығын көтерді.

Асқар Мырзахметов – ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі:

– Биылғы жылы біздер 400 мың тонадан астам тыңайтқыштарға тапсырыс бердік. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе жоғары. Мұндайды отандық зауыттар күтпеген болуы керек. Бірақ, жағдай алдағы уақытта реттеледі.

Жиынды қортындылыған Асқар Мырзахметов солтүстікқазақстандықтардың жұмысына оң бағасын беріп, бірқатар жұмыстардың нәтижелі шешіліп жатқандығын айтып өтті.

Мағжан Ахмадина