МТРА жаңалықтары

Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шаралары мектептерден басталуда

Владислав Черепанов – Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушысы:


– Адам өмірде шыншыл, туысқандарына, ісіне адал болуы керек. Ақшаны тек таза маңдай термен табуы қажет. Сонда оның өмірі тыныш болады деп есептеймін.

Өзгеден қаражат бопсалап, мемлекет бюджетіне қол салғандар жазадан ешқашан қашып құтыла алмайды. Айгерім Ербатыр өз шығармасында осы туралы жазған. Оның еңбегін қазылар алқасы жақсы бағалады.

Айгерім Ербатыр – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

– Елді дамыту үшін өскелең ұрпақ пара алудан аулақ болуы керек.

“Жемқорлық” тақырыбындағы үздік сурет, инсталляциялар және шығармалар байқауына оқушылар мен студенттер қатысты. Барлығы 100-ден артық еңбектің ішінен комиссия 12-сін ғана таңдап алған.

Марапаттау рәсімінде балаларға жемқорлықтың салдары айтылды. Ол індет барлық мемлекетте бар. Бірақ, әркім онымен түрліше күреседі. Қытайда пара алғандар өлім жазасына кесіледі. Ал, біздің елде ақшаға құнығып, істі болғандар бірнеше жылға бас бостандығынан айрылады.

Ғалым Тұрсынбаев – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:


– Бала ересектерге, ортасына қарап өседі. Сондықтан барлығы ақшамен шешіледі деген сөздерді баланың көзінше айтпаған жөн. Керісінше, жақсылық жамандықты жеңедідеп үйрету керек.

Қоғамда жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру шаралары мектептен басталуда. Бүгінде білім ошақтарында “Адал бол” сынды клубтар құрылған.

Берік Қасен