Құқық қорғау органдары

Заңсыз саудамен күрес

Бүгінде осындай жерлерде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ ұқсап қаптаған заңсыз саудагерлерді кездестіруге болады. Олармен күрес жүргізу амалдарын кәсіпкерлер палатасында бизнесмендер мен полицейлер талқылады. Белгіленбеген жерде сауда көркін қыздырушыларға тосқауыл болу үшін мұндағылар рейдтік шараларды күшейтпек.

Тимур Елеукин – СҚО кәсіпкерлер палатасының 1-ші дәрежелі сарапшысы:

– Бұл мәселені көтеруге бизнесмендердің өтініші ұйытқы болды. Олар сауда орындары мен базарлардың маңында саудамен заңсыз айналысушылар қаптап жүр дегенді алға тартып отыр. Көбі тез бүлінетін азық-түлік өнімдерін сатады. Әрі тиісті рұқсат қағаздары жоқ. Ондай жандардан тауар алу ең алдымен адам денсаулығына қауіп төндіру болып табылады.

Кездесуден кейін тәртіп сақшылары мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері «Коммуналдық базар», «Океан» және көтерме-сауда орталығында болып, рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде, заңсыз саудамен айналысудың 10 фактісі анықталып, айыпты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жақия Әбілов – Петропавл қалалық ІІБ-ның 1-ші полиция бөлімінің бастығы:

– Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, рейдтік шаралар ұйымдастырдық. Әкімшілік жауапкершілікке бірқатар тұлғалар тартылды. Осындай жұмыстар жалғасатын болады.

Белгіленбеген жерде сауда жүргізгені үшін ескерту жарияланады немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Егер заңсыз саудагерлер жыл бойына тағы осындай әрекеті үшін ұсталатын болса, онда айыппұл көлемі екі есе артпақ.

 

Магжан Ахмадина