Көлік және жолдар

Облыс орталығындағы көпір жөндеу жұмыстарына байланысты жабылмақ

Қазір көпірдің астыңғы бөлігінде оның негізін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Техникалар нысанды ұстап тұратын бетон мәткелерді орнатуға арналған орын дайындап әлек. Бүгінде бұл учаскеде күн-түн демей 23 бірлік техника мен 90-ға тарта адам еңбек етуде.

Ал үстіңгі жақтағы жұмыстар әлі басталған жоқ. Десе де жолдың бір бағыты жабық. Бұл қауіпсіздік үшін. Ал мұндағы жол жөндеу маусым-шілде аралығында басталады деп жоспарланған. Бұл уақытта көпірдегі қозғалыс мүлдем тоқтатылмақ.

Болатбек Айтбаев – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:


–  Бұл көпірдегі қозғалыс шамамен бір айдан кейін толығымен тоқтатылатын болады. Өйткені, мұндағы жұмыс маусым айында басталады деп жоспарланған. Ал оның аяқталуы қыркүйек айының соңына белгіленіп отыр. БҰл уақыт аралығында жүргізушілер басқа жолдармен қатынайды.

Жолдың аталған бөлігін жаңарту үшін ел қазынасынан 1 млрд 280 млн теңгеден астам қаражат бөлініпті.

Болатбек Айтбаев – «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директоры:


–  Бұл жұмыстарды «Рязанов атындағы 25-ші көпірқұрылысы отряды» мердігер компаниясы атқаруда. Көпір темір жол үстінде болғандықтан, біраз қиындықтар болды, әрине. Бастапқыда мамандар арнайы курстанрдан өтті. Кейін оларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Қазір күн сайын жұмысшы топ теміржолға жауапты азаматтардың рұқсат алып қана құрылысқа кіріседі. Тәртіп сондай.

Мамандардың сөзінше, алдағы уақытта жаңартылған көпір үстімен түрлі-түрлі ауыр жүк машиналары еш қиындықсыз, яғни жолдың тез бұзылуына ықпал етпей қатынай алады. Өйткені, салынып жатқан көпір сапалы болмақ. Аталған нысан тағы да 50 жыл қызмет етуге қауқарлы екен. Мұндағы жөндеу жұмыстарын облыстық маслихаттың депутаттары да байқап, мердігерлерге құрылысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.

Серік Ахметбеков – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Байқағанымыздай, жөндеу кесте бойынша жүргізілуде. Техника мен адам күші де жеткілікті. Тек барлығы сапалы жасалса екен деген тілегіміз бар. Олардың жұмыстары біздің бақылауымызда болады. Алдағы уақытта депутаттар тағы бірнеше мәрте көпірдің құрылысымен танысуға келеді.

Айту керек, бүгінде облыс орталығының жұмысшы кентіндегі көпірде де жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір ондағы қозғалыс мүлдем тоқтатылған. Енді жүргізушілер апта соңына дейін айналма жолмен қатынауға мәжбүр.

 

Айгерім Ержанова