Ауыл шаруашылығы

Жамбыл ауданында мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда

Мал шаруашылығымен айналысу үшін кәсіпорын директоры Өмірсерік Әбиев мемлекет қолдауына жүгінген. Кәсіпкер “Алтын асық” бағдарламасы арқылы 7 млн 700 мың теңге несие рәсімдепті. Оның 2 жарым млн-ға жуығы субсидияланған. Көмек қаражаттың жылдық мөлшерлемесі 4 пайызды құрайды. Жерлесіміз қойларға ерекше күтіммен қарайды екен. Оларға Сібір жарасына қарсы екпе де еккен. Ендігі, мақсат малдың санын арттырып, сату.

Өмірсерік Әбиев – “Екпін-2002” ЖШС директоры:

– Қойлар қыстан аман шықты. Енді, қошқарларын басқа аудандарға еліміздің өзге қалаларына сатамын.

Айта кетейік, асылтұқымды Еділбай қойлары өңірімізде алғаш рет өсіріліп отыр. Олар етті келеді. Мәселен, 2 жылдық таза қанды Шопан ата төлдерінің салмағы жергілікті қойдан 35 есеге артық.

–  2 жылдық Еділбай қошқарларыының салмағы 100 келіге дейін жетеді. Олар 5 жыл бойы салмақ қоса береді екен.

Болашақта серіктестік директоры Өмірсерік Әбиев Шопан ата төлдерінің санын 1 мыңға жеткізуді қалайды. Олардың жүнін Қостанай облысына өткізбек. Қойларды күн ұзаққа Ғали Тұрсынбаев бағады. Бала жастан төрт түлікке жақын азамат мал өсірудің қыр-сырын жақсы біледі екен.

Ғали Тұрсынбаев – “Екпін-2002” ЖШС басқарушысы:

– Шөп құнарлы. Суда көп. Бұл қойлардың күй жинауларына жақсы көмек болады.

Жамбыл ауданында ата кәсіпті жаңғыртқандардың тағы бірі – Жамбыл Қамытаяқов. Жеке кәсіпкер 2015 жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы арқылы 2 млн теңге несие рәсімдепті. Жерлесіміз бұл қаражатқа 7 бас сиыр, 2 жылқы және 20 қой сатып алған. Бүгінде малдың саны көбейген екен. Азамат төрт түліктің арқасында отбасын асырап отыр.

Жамбыл Қамытаяқов – “Аружан” ЖК жетекшісі:

– Малым көбейіп келеді. Қаймақ, май сатамыз. Етін жейміз.

Ал, Арман Қасымғожин сиыр өсіруді қолға алған. Осы күні оның қарамағында 700-ден аса Зеңгі баба төлі бар. Ірі қараның басым бөлігін қазақы ақ бас және сементал тұқымды үй жануарлары құрайды. Бүгінде сиырлардың дені төлдеп болыпты. Бір қызығы кәсіпкер Астана қаласында тұрады. Шаруашылықпен айналысу үшін біздің өңірге келіпті. Солтүстіктің жерінде мал басы соңғы 2 жылдың ішінде бірден өскен екен.

Арман Қасымғожин – «Алисарай» ЖК жетекшісі, Жамбыл ауданы:

– 2015 жылы “Агробизнес – 2020” бағдарламасы несие рәсімдеп, 155 қазақы ақ бас және 176 бас сементал тұқымды ірі қара алдым. Мемлекетке қарызымды толығымен өтедім. Енді, биыл “Сыбаға” бағдарламасымен 40 млн теңге қарыз ақша рәсімдеймін. Осы жылы 90 бас жергілікті тайыншаларды сатып алуды жоспарлап отырмыз. Оларды асылтұқымды бұқалармен будандастырамын.

Жалпы, Жамбыл ауданында мал басын көбейтуге арналған мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Осының арқасында, сүт өндіру ісі де қарқынды дамып келеді.

Талғат Наурызбаев – Жамбыл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Ауданда сүт өндіру ісі жақсы дамып келеді. Бірқатар су салқындатқыш тоңазытқыш сатып алуға несие рәсімдеді.

Жамбыл ауданындағы 47 шаруашылық мал шаруашылығымен айналысады. Оның 3-еуі асыл тұқымды ірі қара және қой өсіріп отыр. Қазір оларда 3 жарым мыңнан аса мал бар екен.

Байболат Құлтанов