Құқық қорғау органдары

СҚО ІІД ЖПҚ бастығы Қанат Айтбаев халық алдында есеп берді

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД ЖПҚ бастығы:

– Былтыр өңірде сәйкес мерзімде 3576 қылмыс тіркелді. Ал биыл бұл сан 2412-ге дейін төмендеді. Оның ішінде аса ауыр қылмыс та бар. Ол шамамен 52 пайызға қысқарды. Ал қоғамдық орындардағы бұзақылық 428-ден 348-ге дейін азайды.

Жыл басталғалы тәртіп сақшылары 44 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылықты анықтап, 153 млн теңгеге жуық айыппұл салған. Нәтижесінде 96 млн теңге өндіріліп, облыс бюджетіне түскен.
Бұдан бөлек, полицейлер облыста бейнебақылау камераларын жаппай орнатуды қолға алып отыр. Аталған құрылғылардың көмегімен ағымдағы жылдың 4 айында 90 қылмыстық факті анықталған.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД ЖПҚ бастығы:

– Жыл басынан бері облысымыздың 4 ауданында 14 камера орнатылды. Бұл Жамбыл, Аққайың, Жұмабаев және Есіл аудандарында. Жалпы қазір өңірде 269 бейнабақылау құрылғысы бар. Мәселен, 4 айдың ішінде камералардың арқасында полицейлер 6 мыңға жуық әкімшіліқ құқықбұзушылықты анықтап отыр.

Ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан еліміздің тәртіп сақшылары үйреншікті таяқшаларынсыз жұмыс істеуде. Десе де, бұл жол жүру ережесін бұзған жандарды ұстауға еш кедергісін келтірмеді дейді ЖПҚ бастығы Қанат Айтбаев. Мәселен, жыл басынан Солтүстік Қазақстанда осындай 24 мың 656 бұзушылық тіркелген. Нәтижесінде, 313 көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылып, тағы 3-не айыппұл салыныпты. Кейін, Қанат Айтбаев халық алдында есеп беріп болған соң, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Игорь Григоренко – қала тұрғыны:

– Менің такси жүргізіп жүргеніме 14 жыл болды. Соңғы кезде аулаларға кіру мүмкін болмайды. Өйткені, шлагбаумдар қойып қойған. Көліктердің кіруі былай тұрсын, төтенше жағдай орын алған кезде жедел жәрдем мен өрт сөндіру техникасының жақындауы бір мұң. Өзім де бірнеше мәрте оқыс жағдайдың куәсі болдым.

Қанат Айтбаев – СҚО ІІД ЖПҚ бастығы:

– Бұл мәселе бойынша бізге 2 өтініш келіп түсті. Алдағы уақытта аталған проблеманы біржақты етіп, оны шешуге тырысамыз.

Кейін тұрғындар Петропавлға келген елордалық 150 қаңғыбастың жайын сұрап білді. Түрлі әлеуметтік желіде желдей ұшып жүрген ақпаратқа сәйкес, ЕХРО -ның өткізілуіне байланысты Астанадан тұрғылықты мекен жайы жоқ барлық азаматтар өңірлерге көшіріліп жатыр екен. Аталған мәлімет қаншалықты рас? Оның жауабын жерлестеріміз облыстық ІІД-нің бастығы Берік Біләловтен естіді. Бас полицейдің айтуынша, бұл – жалған ақпарат.

Айгерім Ержанова