Қоғам

Петропавлда II қайырымдылық балы ұйымдастырылды

Руслан Мұстафин – балға қатысушы:

– Қайырымдылық балға алғаш рет қатысып отырмын. 4 ай бойы дайындалдық.

Мадина Каскина – балға қатысушы:


–  Барша жұртшылықтың алдында вальс билеуге қобалжып тұрмын. Қазір дайындықта пысықтағанымызды жоғары деңгейде көрсетеміз деген ойдамын. Осындай игі шараның қаламызда ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын.

–  Классикалық билердің төресі – вальс. 18-ші ғасырдың соңында Венада кеңінен таныла бастады. Кейін біртіндеп бүкіл Еуропаға тарап, түрлі мерекелік кештердің сәніне айналды. Біздің бүгінгі екінші қайырымдылық балымыз да шет қалған жоқ. Дәл қазір сұлу да сымбатты 60 ұл мен қыз вальс биін билеп, қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйламақ.

Бірқалыпты немесе үдемелі жылдамдықпен айналып билейтін вальстің биік шыңын бүгін 60 ұл мен қыз жұртшылыққа паш етті. Олар 4 ай бойы тынымсыз еңбектініп, дайындалыпты. Шынайы сарай секілді безендірілген мейрамхана ішінде вальс билеген жұптар да, қонақтарда құдды бір ертегі әлемінде секілді.
Жалпы биылғы қайырымдылық шарасы былтырғыға қарағанда ауқымды. 220-дан астам қонақ жиылған. Барлығы да кәсіпкерлер, қоғам белсенділері.

Әсемгүл Есқожа – “Қоғамдық келісім” КММ басшысы:

– ҚХА қайырымдылық жүйесінің үйлестірушісі болып тағайындалды. Өткен жылы заң да қабылданды. Біздің облысымызда, қалада қайырымдылық мәдениетін дамыту керек.

Өткен жылғы балда 1 млн 844 мың теңге жиналды. Қаражаттың барлығы Андрей Авдеюктің еміне және де 4 отбасыға көмекке жұмсалды. Ақшаның басым бөлігі бәссауда арқылы түсті. Ал екінші мәрте ұйымдастырылып отырған қайырымды шарада аукционға 25 құнды зат қойылыпты. Оның алғашқысы түзету мекемесінде жазасын өтеушілердің жасаған шағын сандығы. Бастапқы баға 5 мың теңге. Ең ақыры оның құны 60 мыңға өсіп сатылды. Бәссауда да нард ойынының үстелі, картиналар бірінен соң бірі өз иелерін тауып жатты. Шарада белсенділік танытқандардың бірі облыстық еврей мәдени орталығының төрағасы Рашбиль Евдаев. Ол бірнеше рет сатып алған затының құнын төлеп, оны аукционға қайта қалдырып отырды.

Рашбиль Евдаев – СҚО еврей мәдени орталығының төрағасы:

– Біз өткен жылы Астанада өткен қайырымдылық шарасына қатысқан болатынбыз. Онда 1,5 млрд теңге қаражат жиналды. Бізде мінекей сауабы мол игі істер арқылы, өз жерлестерімзге де көмек қолын созып жатырмыз. Екі рет құнды зат сатып алып, ақшасын беріп оны қайта саудаға тастап кеттім. Мен халыққа көмектескім келеді, және өзгелерді де шақырамын.

Мінекей, осындай жаны жайсаң мейірімді жандар бүгінші кеште бәссауда арқылы Иван Зологин, Илья Пугач және де Диана Бейсенбаеваның еміне қаржылай көмек көрсетуде. Солардың қатарында облыстық “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы Саип Байдуев та бар. Ол аукционда 4 құнды зат сатып алып, 385 мың теңге қаражатты қайырымдылыққа жұмсады.

Саип Байдуев – СҚО “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы:

– Әр отбасыға қайғы келуі мүмкін. Сол себепті, бірігіп, бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Мәселен, қазақ халқы менің ата-анама кезінде күштеп қоныс аударғанда қол ұшын созған. Ал мен міне жеке қаржымның бір бөлігін мұқтаж жандарға беруді жөн санап отырмын. Сондай-ақ, “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығы облыстық “Қызылжар” орталық мешітіне 3,5 млн теңге ақша аударды.

Бәссауда да қалталы азаматтар бірімен-бірі таласып, құнды заттарға өз бағаларын ұсынуда. Көпшіліктің қызығушылығы кәсіпқой бокстан WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақияновтың былғары қолғабына ауды. Бұнымен жерлес спортшы Монте-Карлода жеңіл салмақта уақытша әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Құнды затты аукционда облыстық әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы Тахир Гусейнов 600 мың теңгеге сатып алды. Ол бұдан өзге тағы 2 затқа 160 мың теңге қаржы жұмсады.

Тахир Гусейнов – СҚО әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы:

– 130-дан астам этнос өкілдері болса да, біз біртұтас халықпыз. Әркімнің қайғысы барлығымыздың қайғысы.

Жанат Жақиянов – кәсіпқой бокстан WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы

– Осындай шаралар жиі өтіп, барлығымыз көмектесіп тұрайық. Науқас балалар тез жазылып кетсін деген тілектемін.

Сөйтіп, аукцион аяқталып, барлық құнды заттар өз иелерін тапты. Шарадан түскен қаражаттың көлемі 3 млн 169 мың теңге. Бұл ақшаның барлығы үш баланың еміне жұмсалмақ. Ал аукционнан кейін қонақтар би билеп, көңіл көтерді.

Петропавлда ұйымдастырылған екінші қайырымдылық балдың соңында сауабы мол игі істі жасауға ат салысқан барлық жандар марапатқа ие болды.

 

Риат Шони