Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да Орталық Азиядағы ең ірі ет комбитаны іске қосылады

Кәсіпорын неміс технологиясына негізделіп салынған. Комбинатта етті бөлшектейтін бөлек цехтар, шикізатты өңдеп, оны сақтайтын үлкен тоңазытқыш бөлмелері бар. Комбинат іске қосылысымен шошқа, мүйізді ірі қара етін халықаралық стандарттарға сай терең өңдеп экспортауға мүмкіндік туады деді аймақ басшысы. Құмар Ақсақалов осындай еткомбинатының Орталық Азияда баламасы жоқ дейді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ет комбинаты жылына 15 мың тонна салқындатылған ет және 9 мың тонна шұжық өнімдерін шығаруға қауқарлы. Біз осы кәсіпорынның жобалық қуатылығын толығымен пайдалануға тиістіміз. Келешекте ет өнімдерін Ресейге жөнелпекшіміз. Жақында көршілес елдің 3 өңірін басқаратын билік өкілдерімен келісөздер жүргіземіз. Сырт елде теріскейлік ауылшаруашылығы тауарын өндірушілеріне өз өнімдерін өткізетін тұрақты сауда алаңы қажет. Тайынша ауданындағы мына ет комбинаты 10 жыл тұралап тұр. Қазір қажетті құжаттар даярлануда. 1,5 айдан кейін кәсіпорынды іске қосамыз. Сонда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Ет комбинатының жанында мал кешені бар. Жергілікті билік осында 100 мың бас шошқа өсіріп, жылына 4 мың тонна ет алуды жоспарлап отыр. Қоралар малға толы емес. Қаражат тапшы. Істі жандандыратын инвесторлар қажет. Облыс әкімі кешенге қатысты шаруаны жеделдету үшін барлық қам-қарекет жасалып жатқандығын айтты.
Осы тұста “Биохим” зауыты да биыл қайта іске қосылатынын атап өткен жөн.

Осы күні Құмар Ақсақалов танап басында Тайынша ауданының шаруаларымен жүздесті. Көктемгі-дала жұмыстарының барысын сұрап, аграрийлердің ұсыныс-тілектерін тыңдады. Агроқұрылым басшылары өңірде импортталған техникалардың құрал- саймандарын сақтайтын мамандандырылған қоймалар болса дейді. Айтуларынша, шетелден келетін қосалқы бөлшектерді бір емес, бірнеше айлап тосуға тура келеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы ілгері басса, елдің экономикасы дамитыны айдан анық. Менің ойымша, осы салаға қатысты туындайтын кадр тапшылығы, өнімді өткізу, қажетті техникалармен қамту, оған сапалы сервистік қызмет көрсету мәселелері жедел түрде оң шешілуі тиіс. Біз жер ырыздығын молынан пайдаланып, ет, сүт, бидай сынды шикізаттарды терең өңдеуге басымдық беруіміз қажет.

Тайынша ауданында үлгілі агроқұрылымдар мен жауапкершілігі жоғары бизнесмендер көп. Жұмыс сапары барысында өңір жетекшісі “Тайынша-Астық” ЖШС-не тиісілі нысандарда болды. Кәсіпорын еншісінде бордақылау алаңы, машина-трактор шеберханасы және мал, сүт кешендері бар. Серіктестік басшысы Анатолий Рафальский Голштино-фриз сиырынан жылына 8 мың литірден артық сүт аламыз дейді.

Мал және сүт кешені канадалық технология бойынша салынған. “Тайынша-Астық” компаниясында бұзаулар мен сиырларды ұстайтын бөлек үлкен қоралар бар. Кәсіпорындағылар оны жеке қаражаттарына өз күштерімен тұрғызған. Жақында 7-ші қораны салмақшы. Мұнда малдың қиын тазалау, сиыр сауу жұмыстары жетілдірілген машиналардың көмегімен жүзеге асырылады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің аймағымыздағы өнімге сұраныс өте жоғары. Сол себепті біз барлық тұрғындарды мал шаруашылығын дамытуға үгіттеп жатырмыз. Сіздер осы салада жоғары жетістіктерге қол жеткізіпсіздер.

Облыс әкімінің барған соңғы нысаны – Ильичевка селосында орналасқан “Тайынша май” зауыты. Компания директоры Дәрен Турапбековтың айтуынша, жыл басынан осында 3 400 тонна рапс дақылы сығымдалып, одан алынған май түгелімен Қытайға жөнелтілген. Ал рапс күнжарасын мал азығы ретінде фермерлерге өткізеді.

Зауытта еңбектенетін 90 адамның дені Ильичевка селосына жақын орналасқан көршілес ауылдар келіп жұмыс істейді. Қондырғыларды басқаруды жерлестеріміз Қытайдан келген
инженер-операторлардан үйренуде.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Өте жақсы жоба. Зауыт зикізатты терең өңдеп, дайын тауарды бірден экспорттайды. Осындай зауыттың тағы екеуін СҚО-да тұрғызу керек. Келешекте біз майлы дақылдар алқабын ұлғайтып, экспорт көлемін арттырамыз.

Сөз соңында Құмар Ақсақалов келесі жылы облыс аумағындағы майлы дақылдарға тиесілі алқаптардың аумағын 720 мыңнан – 1 миллион гектарға дейін кеңейту керектігін айтты. Оның бәрі нарықта қалыптасатын жағдайға байланысты болады.

Берік Қасен