Спорт

Геннадий Зенченконы еске алуға арналған еркін күрестен ашық облыстық турнир өтті

38 келі салмақ дәрежесінде алғашқы болып Тайыншалық Мақсат Салықбаев пен Қызылжар ауданының намысын қорғап келген Қанатбек Мүкинтаев шықты. Қарсыластар бір-біріне дес берер емес. Түрлі айла-тәсілдер жасап, өз қоржындарына ұпай жинауда. Алайда екінші кезеңнің ортасына қарай Мақсат Салықбаев шабуылға көшті. Сөйтіп, кездесу 12:2 есебімен тайыншалық палуанның пайдасына шешілді.

Мақсат Салықбаев – жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Маған жеңіске жету оңай болған жоқ. Қарсыласымның күші көп екен және техникасы жақсы. Мен «вертушка» әдісін жасап, жеңдім.

Кезек бұрымдыларға да жетті. Қыздар еркін күрестен ұлдардан кем түспейтіндерін дәлелдеу үстінде. Боз кілемге 40 келі салмақ дәрежесінде Валерия Шишкина мен Самал Ахметова шықты. Алайда кездесу тек жарты минутқа созылды. Жеңіске айласын асырған 14 жасар Самал жетті.

Самал Ахметова – жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Қарсыласым аса мықты болған жоқ. Оған әлі де дайындалу керек. Бүгін жеңіске жетемін деген ойдамын. Еркін күресті өте жақсы көремін. Бұрындары әкем қарсы болған, бүгінде мені мақтан тұтады.

Еркін күрестен ашық облыстық турнир осымен 6-шы мәрте ұйымдастырылуда. Дүбірлі додаға 180-ге жуық жасөспірім келген. Олар 16 салмақ дәрежесінде бақ сынаспақ.

Смағұл Аманов – еркін күрестен СҚО бойынша еркін күрестен аға жаттықтырушысы:

– Бұл жарысты 2010 жылы Геннадий Иванович Зенченконың қолдауымен алғаш рет өткіздік. Содан бері жыл сайынғы дәстүрге айналды. Өткен жылы ол кісінің сырқаттауына байланысты ұйымдастырған жоқпыз. Биыл бұл жарысты қайта жандандырдық. Бірақ, өкінішке орай ол арамызда жоқ.

Жарыс жеңімпаздары медаль және естелік сыйлықтармен марапатталмақ.

 

Эльмира Садвокасова