Көлік және жолдар

Биыл Петропавлда 13 км жол жаңартылмақ

Бұл автокөлік жүргізушілері үшін оңай болмай тұр. Ойылып қалған жолдардан темір тұлпарларын сақтап қалу үшін кейбіреуі айналма жолмен жүріп өтеді екен. Бұл жүргіншілер үшін де қауіпті.

–  Бұл жолмен жиі жүремін. Әрине, жолдың жағдайы көңіл көншітпейді. Тезірек жөндеу жұмыстарын аяқтаса екен.

– Мына уческені тым ұзақ жөндеп жатыр. Тезірек аяқтап, жақсы жаңа төселген жолмен жүрсек екен деймін. Өйткені, көлігім осы жердің кесірінен қайта-қайта бұзыла береді.

Бұл мәселені қалалық әкімдіктегілер өз бақылауына алған. Мәселен, былтыр ондағы мамандар жолды бұзып, кәсіпорындарға керекті жұмыстарды ұйымдастыруға рұқсат ететін 270 ордер берген. Бүгінде оның дені жабылған. Десе де, тиісті шараны толық аяқтамағандар да табылды. Яғни, кейбір ұйымдар асфальтты қайта қалпына келтірмей кеткен.

Анатолий Мишин – Петропавл қаласы әкімінің кеңесшісі:

–  “Қызылжар су” серіктестігіне 32, ал “Петропавл Жылу Желілеріне” 16 ордер берілді. Біз өз кезегімізде тексеріс жүргізіп, жұмыстың қаншалықты дұрыс жүргізілгенін байқадық. Мир көшесіндегі жағдай көңілімізден шықпады. Бірақ қазір олқылық жойылу үстінде. 10-15 күн шамасында ол жұмыс аяқталады. Заводская көшесінде жөндеу мамырдың 22-сі бастау алмақ.

Ал Уәлиханов көшесіндегі жол төсеу жұмыстары бірнеше күннен соң аяқталады. Бүгінде «Дорожник ашық аспан» серіктестігі бұл істің 95%-ын атқарған. Олар 1 шақырымға жуық тратуар салып, 2 км жол төсеген.

Енді тек бағдаршам кешендері мен жол жүру белгілерін орнату ғана қалған. Дәл осындай жұмыстар облыс орталығындағы «Корона» сауда орталығының маңында және 17-ші ұлттық өркендеу мектебінің жанында да атқарылуда.
Мердігерлер қазір Петропавлдың 3 көшесінде орташа жөндеу шараларын жүргізуде.

Ғали Абдрашев – Петропавл қаласының ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi сектор меңгерушісінің міндетін атқарушы:

–  Қазіргі уақытта Медведева, Караванная, Мұқанов көшелерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. 345 млн қиыршық тас төсеуге бөлінді. Қазіргі уақытта бұл жұмыстары Кирпичныйда жұмыс істеуде. Ол жұмысты бір мекеме атқарып жатыр. 40 км-ге тас төселеді.

Жалпы жаз мезгілінде облыс орталығының 13 шақырымына жаңадан асфальт төселеді деп жоспарланған. Бұл мақсатқа қала бюджетінен 1 млдр теңге бөлініп отыр. Ал 300 млн теңге 100 аулаішілік жолды қайта қалыпқа келтіруге бағытталған. Тағы 70 млн теңгеге 18 мың текше метр болатын жаңа тротуар орнатылмақ.

 

Айгерім Ержанова