МТРА жаңалықтары

Жасотандықтар су басқан үйлердің тұрғындарына көмек көрсетуде

Қазір Былғары зауыты ауданында «Жас Отан» жастар қанатының 15-ке жуық мүшесі еңбектенуде. Олардың мұндағы жерлестерімізге қолғабыс білдіріп жатқандықтарына 3 күн болған. Рыжов көшесіндегі қызыл су кірген үйлерге бас сұқсақ айыр-күрек ұстап, тер төккен 4-5 ұлды байқаймыз. Белсенді жастардың барлығы табиғи апаттың зардабын тартқан тұрғындарға көмектесу міндетіміз дейді.

Абылайхан Қайроллаев — «Жас Отан» ЖҚ Петропавл қалалық бөлiмiнiң жетекшiсi:

– Көмекке шақырғанда бірден осында келуге келістік. Мұндай жағдайда тұрғындарға барлығымыз бірлесіп қолғабыс білдіруіміз керек.

Тасқын Галина Раззакованың үйін де айналып өтпепті. Нәзік жанды осыдан 5 жыл бұрын тырнақтап жинаған ақшасына мына баспананы сатып алған. Енді міне, араға бір шама уақыт салып нысан судың астында қалып отыр. Жерлесіміз қиын шақта көмекке келген жастарға дән риза.

Галина Раззакова – Былғары зауыты ауданының тұрғыны:

– Көп мөлшерде су келеді деп күткен жоқпыз. Үйімді бір түннің ішінде-ақ тасқын басты. Қазір өзім әріптестерімнің үйін паналап жүрмін. Барлық жиһаз судың астында қалды. Маңайда қамыспен қоқысқа толып кетті. Осыны ескеріп жастар көмектесіп жатыр. Оларға көп рахмет.

Тағы, Былғары зауыты ауданында адамдарға “Нұр Отан” партиясының СҚОФ мүшелері деп қолғабыс білдіріп жатыр.

 

Култанов Байболат