МТРА жаңалықтары

СҚО су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу басталды

Атамбай Сералиннің бұрынғы баспанасын жиhаздарымен бірге су шайып кеткен. Қызыл судың кесірінен ер азамат таныс-тамырларын жағалап, туыстарының үйін уақытша паналаған. Енді міне, ауыл мен аудан басшылығының қолдауымен мына баспанаға қол жеткізіп отыр. Ол үшін бұл тұрғын үйге облыс бюджетінен 2 млн теңге бөлініпті. Сонымен қатар, бұл сомаға жиһаздар да алынған. Бұдан бөлек, жанұяға жергілікті кәсіпкерлер де көмек қолын созып, құс сатып алып берген.

Атамбай Сералин – Рузаевка ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Бұл үйді селолық әкім тауып берді осы үйді, мінеки. +өзіміз келіп, қарап, ұнап, сосын акиматқа барып, неттік, ақылдастық. Жарайды деп, осылай бәрін келісіп, осында келіп көрдік, иелерімен сөйлестік. + мал ұстамаймыз. Үйрек, тауық деген, қаз деген сияқты. соларды ұстайтынбыз.тауықтар тірі қалды, екі үйрегім тірі қалды. қаздар батып кетіпті. жоқ.

Үйін су шайып кеткендердің қатарында Лилия Афанасьева да бар. Оның мүлкіне тиген залал шамамен 500 мың теңгені құрайды. Бұл қаражатқа нәзікжанды бір бөлмелі мына пәтерді сатып алған. Сонымен қатар, ауыл тұрғынына облыс орталығындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінен 382 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетіліпті.

Лилия Афанасьева – Рузаевка ауылының тұрғыны, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Біз ұлымыз екеуміз ғана тұрамыз. Сондықтан, мемлекеттің қолдауына сенім арттық. Қанша қаражат беріледі, соған байланысты баспана іздедік. Осы пәтер ұнады. Үйімді су басқанда диван, тоңазытқыш, теледидар мен компьютерді сыртқа шығарып үлгердім. Ол үйімді екі жыл бұрын сатып алған болатынмын.

Жалпы Ғабит Мүсірепов ауданының Рузаевка, Андреевка, Чистополье ауылдарында 120 үйді су басқан. Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов бір айдың ішінде бәріне өтемақы төлеу қажет деген болатын. Облыстық бюджет пен арнайы ашылған қорға түскен қаражаттың арқасында бұл тапсырманы уақытында орындау мүмкін болды дейді аудан әкімі Владимир Дудов.

Владимир Дудов – Ғ.Мүсірепов ауданының әкімі:

– Рузаевтықтарға көмектесу үшін арнайы қор ашылды. Бүгінгі күні оған түскен қаражат 19 млн теңген құрап отыр. Онымен қоса, облыстық әкімдіктен 53,5 млн теңге бөлінді. Кеше бағалаушы комиссия мүшелері мен бухгалтерлер барлық қаражатты, шығын мөлшерін есептеп, зардап шеккендерге өтемақы төледі. Бұдан бөлек, қарапайым халықтан 9,5 млн теңгенің гуманитарлық көмегі келді. Оның ішінде киім-кешек, азық-түлік, малдарға арналған жем-азық, құрылыс материалдары және тұрмыстық техникалар бар.

Аудан басшылығының мәлімдеуінше, әр отбасына төленетін өтемақы көлемі әр түрлі. Себебі, бағалаушы комиссия залал мөлшерін, бұрынғы үйдің жағдайын, отбасындағы адам санын ескерген.

Айгерим Ержанова