МТРА жаңалықтары

“Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде “Тарих толқынында” атты квест-ойыны ұйымдастырылды

Квест ойынына келген оқушылар топқа бөлініп, ұйымдастырушылардың нұсқаулығын тыңдауда. Оларға саяхатшы кітабы берілді. Ойынның ережесіне сәйкес командалар тапсырмаларды 30 минуттың ішінде орындап шығулары керек. Сұрақтары да оңай емес. Мәселен, Абылай хан шежіреде Барақ сұлтанның нешінші ұрпағы? Жауабы: оныншы. Тарихты оқыған жасөспірімдер үшін қиын іс жоқ секілді. Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушылары тапсырмаларды мүдірмей орындауда.

Ажар Сартаева – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушысы:

– Сұрақтар әр түрлі. Қиындары да бар. Біз оны ұжым болып шешіп жатырмыз.

Диана Төлегенова – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп оқушысы:

– Қазір ребусты шешіп жатырмыз. Мұнда жоңғар батырының есімі, майдан жайлы сұрақтар бар.

Оқушылар квест ойынында 12 тапсырманы орындаулары қажет. Бұнда тіпті ұлттық дәстүрден де сұарқтар бар. Балалар баланы қырқынан шығару, тұсау кесерге қажетті заттарды дәл таңдаулары керек. Кейін жоңғарлармен болған ірі шайқастың галограммасындағы артық нәрсені табулары шарт. Жалпы мұражай қызметкерлерінің айтуларынша мұндай ойын арқылы оқушылардың тарихқа деген құштарлығын ояту оңай.

Ақмарал Елеусізова – “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінің қор сақтаушысы:

– Квест-ойыны экскурсия секілді. Бірақ, оқушылар оны залдарды аралап тапсырмаларды орындайды. Осындай ойын арқылы олардың қызығушылығы арта түседі.

Барлық тапсырмаларды мүдірмей орындап шыққандар тақ залына өтеді. Бұнда олар үш жүздің басын қосқан мықты саясаткер Абылай ханға құрмет көрсетіп, сұрақтарын қоя алады.
Квест ойыны соңында ойыншылар ұлттық киімдермен киіз үйдің көрінісінде естелікке суретке түсіп тарқасты.

 

Риат Шони