МТРА жаңалықтары

Петропавлда мектеп басшылары ағылшын тілі курсына барып жүр

Күлімкөз Смаилова әл-Фараби атындағы 18-ші орта мектепті 10 жылдан артық басқарып келеді. Білім ошағында жаңа оқу жылынан бастап информатика, химия, биология сабақтары ағылшын тілінде өтетін болады. Уақыт өте бұл пәндердің соңынан өзгелері де ермек. Сәйкесінше, мамандар да тілді меңгеріп жатыр.

«Босс» ағылшын тілі клубына Петропавлдағы барлық 35 мектептің директоры келеді. Шәкірт оқытып жүрген ұстаздар тіл игермекке партаға қайта отырудан именбеген. Олар үшін жұмасына екі рет өтетін сабақтар ақылы. Айына 4800 теңгелері мен сенбі күнгі уақыттарын бөліп келіп жүр.

Надежда Заиченко, «BOSS» ағылшын тілі клубының оқытушысы, «БЭСТ» гимназиясының директоры:

– Әр мұғалімнің деңгейі әр түрлі. Бірі ағылшын тілін әжептеуір білсе, бірі бұрын немісше оқығандар. Барлығымен жеке-жеке жұмыс жасап жатырмыз. Жаңа кітаптар алдырдық. Сабаққа аса қызығушылықпен қатысады. 35 директорды екі топқа бөліп оқытамыз. Нәтиже жаман емес. Үйреніп жатыр. Олардың қатарына өзге мұғалімдер де қосыла алады.

Мектеп директорларын ағылшынша оқыту жыл соңына дейін жалғасады.

 

Акбопе Танирберген