Аптадағы маңызды жаңалықтар

Судан зардап шеккен СҚО-ға Түменнен көмек жетті

Қайныш Құсайынова, «Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» ҚБ мүшесі, РФ:

– Бүгін жеткізілген жүкті 2 тәуліктің ішінде жинадық. Біз көршілес жатқан теріскей халқына көмек көрсетеміз деген бойда Түмен облысының кәсіпкерлері бірден қолдау танытты. Үлгермей қалғандары қаншама. Олар әлі де көмектерін әкеліп беруге ниетті. Қазір сіздерде жағдай тұрақталып қалды ғой. Біз жеткізген азық тасқыннан зардап шегіп отырған тұрғындарға аз да болса демеу болсын деген тілектеміз.

Консервленген ет тағамдары, ұн, қант, тәттілер мен макарон өнімдері. Шекаралас көршілер барлығы 8 тонна азық-түлік әкеліпті. Көршілеріміз Қазақстанның солтүстігінде Есіл тасып бірнеше ауылдарды су алды дегенді естіп жәрдем қолын созуға асыққан. Бірақ, жылдам аққан су Түменге де жетіп үлгерді.

Есенғали Ибраев, «Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы» ҚБ президенті, РФ:

– Өкінішке қарай, бұл акцияны ұйымдастырып жатқан уақытта су Оңтүстік Түмен жеріне де жетіп қалды. Ондағы Ишим ауданы мен қаласындағы бірнеше үйлер суға кетті. Сондықтан, акцияны ұзарттық. Солтүстікке деп жинаған жүктің жартысын осында келе жатып Ишим қаласындағы эвакуациялық жинау пунктіне қалдырдық. Ал көбі бүгін Петропавлға, діттеген жерге жетті.

Есенғали Ибраевтың айтуынша Қазір Түмен облысында 60 үй мен 1000-нан артық бақшаны су басып қалған. 500-ден артық адам қауіпсіз аймаққа көшіріліпті. Бұған қарамастан іргедегі ағайын бірінші Солтүстік Қазақстанға көмек көрсетуге асықты. Айта кетейік, ол жақта бүгінгі акциядан тысқары қалып қойған, әлі де болса көмек қолын созамыз деп отырған кәсіпкерлер баршылық екен. Сондықтан, түмендіктер гуманитарлық көмегін алып өңірімізге тағы да келуі мүмкін.

Акбопе Танирберген