МТРА жаңалықтары

Прокурорлар базынасын арқалаған 6 кәсіпкерді қабылдады

Сергей Сапко – “Мы такие же как все” мүгедектер ҚБ төрағасы:

– Мүгедектердің көбі үйлерінен шыға алмайды. Сондықтан, олардың прокурорлармен кездесіп, ақыл-кеңес сұрай алмай отырған жайлары бар. Тағы, біздің бірлестіктің 10-ға жуық мүшесі қолөнермен айналысады. Түрлі бұйымдар жасап шығарады. Сол себепті, қадағалаушы орган өкілдері туындыларымызды саудалау үшін жиі жәрмеңке ұйымдастырса екен. Бұған дейін бірнеше рет мұндай шараны прокурорлардың көмегімен өткізген едік.

Тағы, жерлесімізге туындыларды тұрақты түрде сататын сауда орны қажет. Заң саласының өкілдері Сергей Сапконың барлық өтінішін мұқият тыңдады. Олар азаматқа міндетті түрде көмектесетіндіктерін айтты. Тіпті, облыстық прокуратурада тұрғындарға арналған сайт ертеңнен бастап жұмыс істейтін болады. Ал, “Асетова” ЖК директоры Алла Асетованың мәселесі де өзекті.

Ол былтыр “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы арқылы автодром салуға грант ұтып алыпты. Дегенмен, 2015 жылы аталған аумақтағы Универсалный көшесіне астынан “СК-Максимум” кәсіпорны құбыр тартқан. Сол кезде серіктестіктің мамандары асфальт пен суағарларды қиратыпты. Бүгінде осыған орай кәсіпкер өз ісін өрге домалата алмай отырған жайы бар.

Алла Асетова – “Асетова” ЖК директоры:

– Эстакада тұрғызу мен асфальт төсеу жұмыстары өткен жылдың қазан айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ, ол әлі біткен жоқ. Осыған орай менің де автодромым салынбады. Тағы көшенің бұзылуынан 30 бірдей кәсіпкердің ісіне зиян келді.

Жерлесіміздің өтінішін облыстық прокуратураның аппарат жетекшісі Шолпан Әбдірахманова назардан тыс қалдырмайтындығын жеткізді.
Айта кетейік, мұндай шара “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ жергілікті филиалында “Ашық есік күні” аясында ұйымдастырылып отыр.

Айтуған Қасқырбаев – СҚО прокуратурасының 1-ші басқармасы бөлімінің аға прокуроры:

– Ақпан айынан бастап “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ жергілікті филиалында “Прокурор кабинеті” жұмыс істейді. Онда бизнесмендер аптаның сәрсенбі күні сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін келе алады. Биыл бізге іскер азаматтардан 20-ға жуық өтініш түсті. Оның 4-еуі мақұлданып, мәселе шешілді.

Жалпы, прокурорлар қабылдауда 6 бірдей жергілікті кәсіпкердің базынасын тыңдады.

 

Култанов Байболат