Құқық қорғау органдары

Петропавлда есірткі бизнесімен айналысқан 50 жастағы қалалық ұсталды

Себебі, жаңағы аталған азаматтың үйіне бөтен адамдар жиі келіп, олардан соң подьезде түрлі шприц пен инелер жататын көрінеді. Жедел-іздестіру шарасы барысында тәртіп сақшылары бұрын істі болған ер адамның үйінен 5 орам есірткі тапқан. Бұл шамамен 1 грамды құрайды. Сараптама қорытындысы бойынша оның героин екені белгілі болды. Ал оны күдіктінің қайдан алғаны және не үшін сақтағанын мамандар әлі анықтау үстінде.

Самат Құсбеков – Петропавл қаласы ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімінің бастығы:

– Бұл ер азамат ҚР Қылмыстық Кодексінің 297-ші бабы бойынша қылмыс жасады. Яғни, есірткі заттарын сақтап, оны өткізген. Сонымен қатар, оған 302-ші бап бойынша да жаза қарастырылған.

Күдікті қартаң анасымен бір үйде тұрады. Дегенмен, бұл оған баспанасында есірткі кәсібін жүзеге асыруға кедергі болмаған. Мұнда ер азаматқа клиенттері келіп тауарды сатып қана алмай, тіпті татып та көрген. Бүгінде заң бұзушының кінәсін дәлелдейтін заттар тәркіленді. Енді сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жалпы жыл басынан есірткі затын сақтаған 120-дан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрлі ұнтақтың 20 келісі тәркіленген.

Айгерим Ержанова